«Қағаз жолбарыс»: Кремль неге одақтастарынан теріс айналды?

Бүгін, 11:56 / Arasha.kz
Фото: коллаж arasha.kz

2026 жылдың басы Кремль үшін үлкен саяси сәтсіздіктермен басталды. Халықаралық сахнада Ресейдің имиджіне айтарлықтай нұқсан келіп, кеше ғана «стратегиялық серіктес» деп дәріптелген елдер қиын қыстау кезеңде Мәскеуден көмек күте алмайтынын түсінді. Бұл жайында arasha.kz сайт Настоящее время Youtube арнасына сілтеме жасап, баяндайды. 

«Қағаз жолбарыс» және одақтастардың реніші

Ресей Венесуэла, Куба және Иран сияқты жақын одақтастары дағдарысқа ұшырағанда оларды қорғауға қауқарсыз болып шықты. Сарапшылар Ресейдің бұл әрекетсіздігін «мүсәпір күй» деп сипаттайды. Тіпті, Венесуэла билігі Ресейді «қағаз жолбарыс» деп атай бастаған. Ресейлік «Z-патриоттар» болса, 90-жылдардағы Югославия оқиғасы кезіндегі Примаковтың «Атлантика үстіндегі бұрылысын» еске алып, қазіргі биліктің дәрменсіздігіне таңғалыс білдіруде.

Ресейдің өз одақтастарын қорғауға ұмтылмауының екі негізгі себебі бар:

Украинадағы соғыс: Мәскеудің барлық әскери, экономикалық және адами ресурстары Украинаға қарсы басқыншылық соғысқа жұмсалуда. Мексика шығанағына немесе Кариб теңізіне бірде-бір әскери кеме немесе сүңгуір қайық жіберуге Ресейдің қазір қауқары жоқ.

Вашингтонмен қарым-қатынас: Владимир Путин Ақ үймен, атап айтқанда Дональд Трамппен байланысты үзіп алмау үшін Иран мен Венесуэлаға көмектесуден саналы түрде бас тартып отыр. Вашингтонмен текетіреске түсу Кремль үшін қазір тиімсіз.

Ресейлік мемлекеттік медиа бұл сәтсіздіктерді ақтау үшін жаңа риториканы қолдана бастады. Енді олар Венесуэла мен Иранды «одақтас» емес, жай ғана «мүдделес клубтар» немесе «серіктестер» деп атайды. Тіпті, Қытай мен Үндістан да тек пайда үшін Ресей мұнайын сатып алатын «ситуациялық серіктестер» ғана. Қытай тарапының өзі Ресеймен әскери одақ құруға ниетті емес және оларды «одақтас» деп атамауды сұрайды. Қазіргі таңда Ресейдің жалғыз шынайы одақтасы ретінде тек КНДР-ді атауға болады, өйткені олар Украинадағы соғысқа өз сарбаздарын жіберген жалғыз ел. Ал Беларусь болса, ресми түрде одақтас болғанымен, Александр Лукашенко Ресейдің НАТО елдеріне (Польша немесе Литва) бағытталған кез келген әскери бастамасына қолдау көрсетуге күмәнмен қарайды.

Осыдан 15 жыл бұрын жазылған «Жалғыз қалған держава» (Одинокая держава) атты кітаптың атауы бүгінгі Ресейдің нақты бейнесіне айналды. Путин билікте болған ширек ғасыр ішінде Ресейдің «көпполярлы әлем» концепциясы сәтсіздікке ұшырап, ел халықаралық оқшаулануда қалды. Александр III патшаның «Ресейдің екі одақтасы бар: армиясы мен флоты» деген сөзі қазіргі жағдайда жұбаныш бола алмайды. Өйткені Украинадағы соғыс армияны титықтатса, Қара теңіз флоты Новороссийскіде жасырынып жүруге мәжбүр.

Тэгтер:

Иран Путин ресей Мәскеу Кремль пропаганда Венесуэла Мадуро қағаз жолбарыс одақтастар одақ