"Аяғы мен қолын кескен": Атырау облысында тоқ соққан жігіттің жағдайы туралы не белгілі?

Бүгін, 09:42 / Ахмет Қанатұлы
Arasha.kz коллажы

Атырау облысында бағана басында жұмыс істеп жүрген 25 жастағы электрикті тоқ соғып, ауыр жарақат алды. Дәрігерлер оның жағдайын аса ауыр деп бағалап отыр, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қайғылы оқиға бір ай бұрын Атырау облысының Көктоғай ауылында болған. Жұмыс барысында тоқ соққан Еламан Сағиевтің денесінің шамамен 5 пайызы күйіп, қол-аяғы мен ішкі ағзалары қатты зақымданған. Туыстарының айтуынша, еңбек қауіпсіздігі талаптары толық сақталмаған.

"Ауа райы қолайсыз болғандықтан, апат жиі болады. Сол күні Көктоғайға шақырған. Түстен кейін сап-сау кеткен балам ауыр жағдайда ауруханаға түсті. Екі жыл бұрын ғана үйленген еді. Денесін күйік шалған, нақты жағдайын айтпай отыр", – деді жұмысшының анасы Гүлшат Бисенова.

Журналист Жанат Молдашова да бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп, зардап шеккен жігітке күрделі ота жасалып, сол жақ қол-аяғы кесілгенін жеткізді.

"Ел болып Еламанның амандығын тіледік. Жаңа ғана оған күрделі ота жасалып, сол жақ аяқ-қолы кесілгенін естіп, жүрегім езілді. Бастысы басы аман. Мықты бол, Еламан! Мыңдаған халық сенің тілегіңді тілеп отыр! Күніне ондаған адам менен сені сұрап мазалайды. Айта кетейін, осыдан бір ай бұрын Индер ауданында "Атырау Жарық" компаниясында жұмыс жасайтын 25 жастағы электрикті тоқ соғып, өте ауыр халде ауруханаға түсті. Кейін науқасты Астанадағы медициналық орталыққа алып кетті. Ол бағана басында электр желісін жөндеп жатқанда стансадан біреу тоқты қосып жіберген еді. Қазір осы бойынша тергеу жүріп жатыр", – деді журналист Жанат Молдашова.

Тэгтер:

Атырау облысы Еламан Сағиев