Қазақстанда алаяқтар адвокаттардың атын жамылып жүр

Бүгін, 09:40 / Қайсар Қалам
Сурет: Pexels

Қазақстанда танымал адвокаттар Ғалым Нұрпейісов пен Дана Игілікова өз аттарын пайдаланып, адвокаттық қызмет атқарғандай болып алаяқтық әрекеттер жасап жүрген белгісіз тұлғалар туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz. 

«Алаяқтық әрекеттер туралы ресми мәлімдеме. Біз, Нұрпейісов Ғ. және Игілікова Д., қазіргі уақытта белгісіз адамдардың біздің жеке деректерімізді заңсыз пайдаланып, тәртіптік іс жүргізу жүргізу сылтауымен адвокаттарға хабарласып жүргенін мәлімдейміз. Аталған тұлғалар өздерін Республикалық адвокаттар алқасының қызметкерлері ретінде таныстырып, құжаттар ұсынуды және (немесе) ақша қаражатын беруді талап етеді. Біз бұл әрекеттерге ешқандай қатысымыз жоқ екенін, тәртіптік комиссияның мүшелері еместігімізді, сондай-ақ қандай да бір құжаттарды немесе ақша қаражатын сұратуға уәкілетті еместігімізді хабарлаймыз», – делінген адвокаттардың Facebook-тегі парақшаларында жарияланған мәлімдемеде.

Адвокаттар телефон арқылы немесе ресми емес байланыс арналары арқылы құжаттарды, жеке деректерді және ақша қаражатын бермеуге; осындай қоңыраулар түскен телефон нөмірлерін тіркеп отыруға және мүмкіндігінше сөйлесулерді жазып алуға; әрбір осындай факт бойынша алаяқтық белгілері бойынша құқық қорғау органдарына хабарлауға кеңес береді.

«Осы мәлімдеме адвокаттық қауымдастыққа жеткізілуге тиіс және ресми ақпараттандыру мақсатында пайдаланылуы мүмкін», – деп атап өтті адвокат Нұрпейісов.