Трамптың «сауда соғысы»: Нарық дүрлігіп, Еуропа тығырыққа тірелді

Бүгін, 10:14 / Марғұлан Ақан
Фото: ашық дереккөзден алынды

Ақ үйдің жаңа қожайыны Дональд Трамптың экономикалық амбициясы әлемдік нарықты айтарлықтай теңселтті. 20 қаңтар Уолл-стрит үшін соңғы айлардағы ең сәтсіз күн ретінде тарихқа енді. Жаңа баж салығы мен Еуропаның қарымта жауабы туралы қауіп-қатерлер экономикалық қақтығыстың басталғанын айқын аңғартты.

Нарық Трамптың «тілінен» емес, «ісінен» сескене бастады. Экономист Рубен Ениколоповтың айтуынша, Дональд Трамп қазір еуропалық лидерлерден емес, нарықтың реакциясынан көбірек қорқады. Бұған дейін инвесторлар Трамптың мәлімдемелеріне сабырмен қарап келген еді. Себебі ол «көп сөйлеп, аз істейтін» саясаткер ретінде қабылданған болатын. Алайда соңғы уақытта АҚШ президентінің айтқанын іске асыруға көшуі — әсіресе Мадуроның тәжірибесінен кейін — нарықтың шұғыл реакциясына түрткі болды.

«Нарық Трампқа қарағанда әлдеқайда жылдам әрекет етеді. Бұл Еуропа лидерлерінің Давостағы мәлімдемелерінен де күштірек қысым тетігі болуы мүмкін», — деп атап өтті Рубен Ениколопов.

Еуропаның қолында АҚШ-қа қарсы «сауда базукасы» (сауда шектеулерінің ең қатаң пакеті) деп аталатын пәрменді құрал бар. Бұдан бөлек, Еуропа АҚШ-тың мемлекеттік қарызын басқару немесе Трампқа жақын ірі технологиялық корпорацияларды реттеу арқылы қысым көрсете алады.

Дегенмен сарапшы Еуропа лидерлерінің бұл қадамдарға баруына күмәнмен қарайды. Оның пайымдауынша, қазіргі еуропалық саясаткерлердің позициясы тым әлсіз және олардың жеке қасиеттері мұндай батыл тәуекелге баруға жол бермейді. Сондықтан Еуропа тарапы нақты істен гөрі, бос сөзбен шектелуі мүмкін.

Ескі проблемалардың жаңа азабы 1 ақпаннан бастап енгізілетін 10 пайыздық баж салығы жазда 25 пайызға дейін көтерілмек. Бұл әсіресе Германия экономикасына ауыр тиетіні болжанып отыр. Неміс ЖІӨ-сінің 0,2 пайыздық өсімі Трамптың осы салығынан кейін жоққа шығуы мүмкін.

Рубен Ениколоповтың пікірінше, Германияның жағдайы Трампқа ғана байланысты емес. «Неміс автоөнеркәсібінің іргелі проблемасы баж салығында емес, олардың жаңа технологияларға инвестиция салмай, әлемдік дамудан бірнеше жылға артта қалып қоюында», — дейді экономист. Инфрақұрылымға инвестицияның аздығы мен реформалардың жоқтығы 20 жыл бойы жинақталып, қазір сыртқы соққыларға төтеп бере алмайтын деңгейге жеткен.

Кім ұтады? Жалғыз жеңімпаз — Қытай. Бұл сауда соғысында АҚШ бюджеті қысқа мерзімді табыс тапқанымен, ұзақ мерзімді перспективада бүкіл әлемдік экономика зардап шегеді. Сарапшының пікірінше, бұл текетірестен тек Қытай ғана ұтуы мүмкін. Бейжің қазір «бөлмедегі жалғыз ересек адам» сияқты байсалдылық танытып отыр.

Ал Ресей болса, бұл жағдайдан ешқандай тікелей пайда көрмейді. «Ресей тек айналасындағылардың бәріне жаман болғанына қуанады. Еуропа мен АҚШ неғұрлым әлсіресе, оған түсетін қысым соғұрлым азаяды деген саяси стратегияны ұстанады», — дейді сарапшы.

Қорыта айтқанда, Трамптың қысқа мерзімді мүдделерді болашақтың құнымен айырбастауы әлемдік экономиканы «ешкім кооперация жасамайтын, бәрі тек өз үлесі үшін таласатын» қауіпті кезеңге алып келді.

Тэгтер:

АҚШ Трамп сауда соғысы еуропа нарық Давос экономикалық форум тығырық