Шымкентте жол-көлік оқиғасынан кейін туындаған төбелес салдарынан көз жұмған 40 жастағы Василий Колесниковтың әкесі ұлы туралы естелігін бөлісті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Марқұмның әкесі Александр Колесниковтың айтуынша, ол бір жыл бұрын өмірлік серігінен айырылған. Ал енді жалғыз ұлынан көз жазып отыр. Әке баласын әрдайым айналасына қолұшын беретін, спортты серік еткен, отбасы үшін тірек бола білген азамат ретінде еске алды.
"Отбасымызда оның орны енді үңірейіп тұр. Өзі спортпен айналысатын, балаларға білгенін үйрететін. Күнделікті жанымызда жүрген адамның бір сәтте жоқ болып кетуі өте ауыр. Бір жыл бұрын жұбайымнан айырылып едім, енді міне, ұлым да кетті", – деді ол.
Сондай-ақ әкесінің айтуынша, Василий мүмкіндігі шектеулі кішкентай балаға ерекше қамқорлық танытқан. Қайда барса да, сол балаға бірдеңе алып келуге тырысып, үнемі көңіл бөлетін болған.