Канада Премьер-министрі Марк Карни Давостағы форумда тарихи баяндама жасады

Бүгін, 12:42 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Канада Премьер-министрі Марк Карни Давостағы форумда тарихи баяндама жасады. Ол әлемдік тәртіптің өзгеруі, "орта державалардың" рөлі және ескі жүйенің келмеске кеткені туралы ашық айтты. Бұл туралы белсенді, халықаралық шолушы Қуаныш Еділхантегі өзінің Фейсбук парақшасында жазды. Сарапшының Давостағы кездесу бойынша жазған саяси шолуын назарларыңызға қаз-қалпында ұсынамыз.

Давос форумының қатысушылары, әлемдік БАҚ пен әлеуметтік желілер Канада Премьер-министрі Карнидің Давостағы сөзін әлі де талқылап, дәйексөздерін талдап жатыр. Ортақ пікір — бұл осы ғасырдағы ең күшті сөздердің бірі және ол тарих оқулықтарына планетаның бетбұрыс кезеңін айқындаған сөз ретінде енеді.

Айта кетерлігі, Марк Карни бұл сөзін спичрайтерлердің көмегіне жүгінбей, өзі жазған.

Сөйлеген сөзінің мәтіні:
"Рақмет, Ларри. Канада мен бүкіл әлем үшін осындай бетбұрысты сәтте сіздермен бірге болу — мен үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік.

Бүгін мен әлемдік тәртіптегі жарықшақтар, әдемі ертегінің аяқталуы және ұлы державалар арасындағы геосаясат ешқандай шектеуге бағынбайтын қатыгез шындықтың басталуы туралы айтамын.

Бірақ мен басқа елдердің, әсіресе Канада сияқты орта державалардың дәрменсіз емес екенін айтқым келеді. Олардың біздің құндылықтарымызды — адам құқықтарын құрметтеу, тұрақты даму, ынтымақтастық, мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын бейнелейтін жаңа тәртіп орнатуға әлеуеті жетеді.

Күшті емес елдердің күші — адалдықтан басталады.

Күн сайын бізге ұлы державалардың бәсекелестік дәуірінде өмір сүріп жатқанымызды еске салады. Ережеге негізделген тәртіптің сөніп бара жатқанын, күштілер — қолынан келгенін, әлсіздер — көнуге тиістісін істейтінін айтады. Фукидидтің бұл афоризмі халықаралық қатынастардың табиғи логикасы ретінде ұсынылады. Бұл логикаға тап болған елдер ымыраға келуге тырысады. Бейімделуге.

Мәселеден қашуға. Көнгендік қауіпсіздікті қамтамасыз етеді деп үміттенуге.

Бұлай болмайды.

Сонымен, бізде қандай нұсқалар бар?

1978 жылы чех диссиденті Вацлав Гавел "Дәрменсіздердің пәрмені" атты эссе жазды. Онда ол қарапайым сұрақ қойды: коммунистік жүйе қалайша өмір сүріп отыр? Оның жауабы көкөніс сатушыдан басталды. Күн сайын таңертең бұл дүкенші витринасына: "Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!" деген жазуды іліп қояды. Ол бұған сенбейді. Ешкім де сенбейді. Бірақ ол бәрібір іледі — қиындықтан қашу үшін, өзінің бағыныштылығын көрсету үшін, басқалармен тіл табысу үшін. Әр көшедегі әрбір дүкенші солай істегендіктен, жүйе өмір сүре береді.

Тек зорлық-зомбылық арқылы емес, қарапайым адамдардың өздері іштей жалған екенін білетін ритуалдарға қатысуы арқылы. Гавел мұны "өтірікпен өмір сүру" деп атады. Жүйенің күші — шындығында емес, әрбір адамның бұл шындық сияқты әрекет етуге дайындығында. Оның осалдығы да осында: егер ең болмаса бір адам солай істеуді тоқтатса — көкөніс сатушы тақтайшаны алып тастаса — иллюзия шытынап, жарыла бастайды.

Компаниялар мен елдердің өз тақтайшаларын алып тастайтын уақыты келді.

Ондаған жылдар бойы Канада сияқты елдер "ережелерге негізделген халықаралық тәртіп" деп аталған жүйенің арқасында гүлденді. Біз оның институттарына мүше болдық, принциптерін мақтадық және оның болжамдылығынан пайда көрдік. Оның қорғауында біз құндылықтарға негізделген сыртқы саясат жүргізе алдық.

Біз бұл "ережелерге негізделген тәртіп" туралы оқиғаның жартылай өтірік екенін білдік. Күштілер ыңғайлы сәтте өздерін жауапкершіліктен босататынын, сауда ережелері асимметриялы түрде қолданылатынын және халықаралық құқықтың айыпталушының немесе құрбанның кім екеніне байланысты әртүрлі қатаңдықпен қолданылатынын білдік.

Бұл фантазия пайдалы болды және американдық гегемония, атап айтқанда, қоғамдық игіліктерді қамтамасыз етуге көмектесті: ашық теңіз жолдары, тұрақты қаржы жүйесі, ұжымдық қауіпсіздік.

Сондықтан біз терезеге тақтайшаны қойдық. Ритуалдарға қатыстық. Және көбіне риторика мен шындық арасындағы сәйкессіздікті көрсетпеуге тырыстық.

Бұл келісім енді жұмыс істемейді.

Ашық айтайын: біз көшу (transition) үстінде емес, үзілу (rupture) үстіндеміз. Соңғы жиырма жылдағы қаржылық, медициналық, энергетикалық және геосаяси дағдарыстар шектен тыс жаһандық интеграцияның тәуекелдерін ашты.

Соңғы кездері ұлы державалар экономикалық интеграцияны қару ретінде қолдана бастады. Тарифтер — қысым құралы. Қаржылық инфрақұрылым — мәжбүрлеу құралы. Жеткізу тізбегі — пайдалануға болатын осал тұстар. Егер интеграция сізді бағынышты ету көзіне айналса, өзара тиімділік туралы "өтірікпен өмір сүру" мүмкін емес.

Орта державалар арқа сүйеген көпжақты институттар — ДСҰ (WTO), БҰҰ, COP — едәуір әлсіреді. Нәтижесінде көптеген елдер бір қорытындыға келуде: оларға энергетикада, азық-түлікте, маңызды пайдалы қазбаларда, қаржы мен жеткізу тізбегінде үлкенірек стратегиялық автономия қажет.

Өзін асырай алмайтын, отынмен қамтамасыз ете алмайтын немесе қорғай алмайтын елдің таңдауы аз. Ережелер сізді қорғамаса, сіз өзіңізді қорғауыңыз керек. Бірақ мұның неге әкелетінін ашық бағалайық: қорғандардан тұратын әлем кедейірек, нәзік және төзімсіз болады.

Тағы бір шындық бар: егер ұлы державалар билік пен мүдде жолында ережелер мен құндылықтардан бас тартса, онда "транзакционизмнен" келетін пайданы қайталау қиындай түседі. Одақтастар белгісіздіктен сақтану үшін өз ресурстарын әртараптандырады. Бұл егемендікті қалпына келтіреді — бұрын ережелерге негізделген егемендік, енді қысымға төтеп беру қабілетіне негізделетін болады.

Мен айтқандай, мұндай тәуекелдерді басқарудың бағасы бар, бірақ бұл стратегиялық автономия мен егемендіктің құнын бәрі бөлісе алады. Төзімділікке ұжымдық инвестиция салу әркімнің өз қорғанын салғанынан арзанырақ.

Канада сияқты орта державалар үшін мәселе жаңа шындыққа бейімделу керек пе дегенде емес. Біз оны істеуіміз керек. Мәселе — біз тек биік қабырғалар тұрғызу арқылы бейімделеміз бе, әлде өршіл нәрсені қолға ала аламыз ба?

Канада бұл "дабыл қоңырауын" алғашқылардың бірі болып естіді. Біздің жаңа көзқарасымыз Александр Стубб атаған "құндылықтарға негізделген реализмге" негізделген — басқаша айтқанда, біз принципті және прагматикалық болуға тырысамыз.

Біз іргелі құндылықтарға: егемендік пен аумақтық тұтастыққа, күш қолдануға тыйым салуға және адам құқықтарын құрметтеуге негізделген принциптерді ұстанамыз. Сонымен қатар, біз прогрестің жиі баяу жүретінін, мүдделердің қайшы келетінін және барлық серіктестердің біздің құндылықтарымызды бөлісе бермейтінін прагматикалық түрде мойындаймыз. Біз әлемді қалай көргіміз келсе, солай емес, ол қандай болса, солай қабылдаймыз.

Біз енді тек құндылықтарымыздың күшіне ғана емес, күшіміздің құндылығына да сенеміз.

Біз бұл күшті ел ішінде нығайтып жатырмыз. Біз 2030 жылға қарай қорғаныс шығындарын екі есе арттырамыз. Біз шетелдегі қызметімізді жедел түрде әртараптандырып жатырмыз. Соңғы алты айда біз төрт континентте сауда және қауіпсіздік саласында тағы он екі келісімге қол қойдық.

Жаһандық мәселелерді шешу үшін біз "ауыспалы геометрияны" қолданамыз — әртүрлі мәселелерді шешу үшін құндылықтар мен мүдделерге негізделген әртүрлі коалициялар.

Бұл — аңғал көпжақтылық емес. Бұл — әлсіреген институттарға арқа сүйеу емес. Бұл — әрбір мәселені жеке-жеке шешетін, бірлесіп әрекет етуге жеткілікті ортақ мүдделері бар серіктестермен жұмыс істейтін коалициялар құру.

Орта державалар бірлесіп әрекет етуі керек, өйткені егер сіз келіссөз үстелінде болмасаңыз, онда сіз мәзірдегі асқа (блюдо) айналасыз.
Ұлы державалар жалғыз әрекет ете алады. Олардың нарық көлемі, әскери әлеуеті, өз шарттарын таңуға мүмкіндігі бар. Орта державаларда бұл жоқ. Бірақ біз гегемонмен тек екіжақты форматта келіссөз жүргізгенде, біз әлсіз күйде боламыз. Біз ұсынылған нәрсені қабылдаймыз. Бір-бірімізбен кім көбірек көнеді деп жарысамыз.

Бұл — егемендік емес. Бұл — егемендікті көрсетіп, шын мәнінде бағыныштылықты қабылдау.

Бұл мені Гавелге қайта оралтады. Орта державалар үшін "шындықпен өмір сүру" нені білдіреді?

Шындықты айту. "Ережелерге негізделген халықаралық тәртіп" туралы әлі де жұмыс істеп тұрғандай айтуды тоқтатыңыз. Жүйені өз атымен атаңыз: ұлы державалардың бәсекелестігі күшейген кезең.

Тұрақты әрекет ету. Одақтастарға да, қарсыластарға да бірдей стандарттарды қолданыңыз. Біз бір жақтың экономикалық қысымын сынап, екінші жаққа келгенде үндемей қалсақ, біз жай ғана терезеде тақтайшаны қалдырған боламыз.
Мәжбүрлеуге мүмкіндік беретін тетіктерді азайту. Экономиканы әртараптандыру — бұл жай ғана экономикалық сақтық емес, бұл адал сыртқы саясаттың материалдық негізі.

Канадада әлемге қажет нәрсенің бәрі бар. Біз — энергетикалық алпауытпыз. Бізде маңызды минералдардың үлкен қоры бар. Бізде әлемдегі ең білімді халық бар.

Канадада тағы бір нәрсе бар: болып жатқан жағдайды түсіну және соған сәйкес әрекет етуге бекемдік бар.
Біз терезедегі тақтайшаны алып тастаймыз.

Ескі тәртіп қайтып келмейді. Біз оған жоқтау айтпауымыз керек. Ностальгия — бұл стратегия емес.
Бірақ осы жарықшақтан біз жақсырақ, берік және әділетті нәрсе құра аламыз. Бұл — қорған-әлемнен ең көп зардап шегетін және шынайы ынтымақтастықтан ең көп пайда көретін орта державалардың міндеті.

Билік күштілерге тиесілі. Бірақ бізде де бір нәрсе бар — өтірік айтуды тоқтату, шындықты өз атымен атау, өз үйімізде күшімізді нығайту және бірлесіп әрекет ету қабілеті.

Бұл — Канаданың жолы. Біз оны ашық әрі сенімді түрде таңдаймыз. Және бұл жол бізбен бірге жүруге дайын кез келген ел үшін ашық".


 

Тэгтер:

Канада Давос Марк Карни