Давоста өтіп жатқан Дүниежүзілік экономикалық форум аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сектор Газадағы жағдайды реттеу үшін құрылған «Бейбітшілік кеңесі» халықаралық бірлестігінің жарғысына қол қойды. Бұл ұйым АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылып отыр, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жарияланған бейнежазбалардан қол қою рәсімі алдында Тоқаев пен Трамптың қысқаша тілдескені көрінеді. Әңгімеден соң АҚШ лидері Қазақстан Президентінің иығынан қағып, ризашылығын білдірген.
Бұған дейін Трамп Қазақстанды жаңа кеңестің негізін қалаушы мемлекеттер қатарына қосылуға ресми түрде шақырған болатын. Президенттің баспасөз хатшысының көмекшісі Руслан Желдібай атап өткендей, Қасым-Жомарт Тоқаев бұл шақыруға алғыс хат жолдап, Қазақстанның Таяу Шығыстағы бейбітшілік пен жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз етуге үлес қосуға дайын екенін растаған еді.
«Бейбітшілік кеңесінің» жарғысына барлығы 18 мемлекеттің өкілдері қол қойды. Бірлестік төрағасы болып Дональд Трамп тағайындалды. Трамп бұл кеңестің БҰҰ-мен ынтымақтастықта жұмыс істейтінін айтқанымен, бұған дейін ол бұл құрылым болашақта БҰҰ-ның орнын ішінара басуы мүмкін екенін меңзеген болатын.
Рәсімге Қазақстаннан бөлек Ресей, Армения, Әзербайжан, Пәкістан, Катар, Индонезия, Аргентина және Венгрия лидерлері қатысты. Кеңес құрамына АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, арнайы өкіл Стив Уиткофф, инвестор Джаред Кушнер, Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр және Дүниежүзілік банк басшысы Аджай Банга сияқты ықпалды тұлғалар енген.
Вашингтонның бұл бастамасы әртүрлі пікір тудырды. Financial Times басылымының хабарлауынша, бірқатар Еуропа елдері бұл формат БҰҰ-ны шеттетіп тастауы мүмкін деп қауіптеніп, қатысудан бас тартқан. БҰҰ-ның өзі де бұл идеяға сақтықпен қарап, бейбітшілікті сақтаудың жаһандық тетігі бұрыннан бар екенін еске салды.
Дегенмен, Стив Уиткоффтың айтуынша, қазірдің өзінде 20–25 мемлекет кеңес жұмысына қатысуға келісім берген және АҚШ алдағы уақытта қатысушылар қатары арта түседі деп үміттеніп отыр.