Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Давоста өтіп жатқан Дүниежүзілік экономикалық форум аясында АҚШ Президентінің бастамасымен құрылып жатқан жаңа халықаралық институт – Бейбітшілік кеңесінің жарғысына қол қою рәсіміне қатысады. Қазақстан Кеңестің құрылтайшы мемлекеттер қатарына кіруге шақырылған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Экономикалық зерттеулер институты Әлемдік экономиканы зерттеу орталығының аға сарапшысы Ажар Әлішева бұл қадамды Қазақстанның халықаралық беделінің дәлелі деп бағалайды:
“Бұл елдің сыртқы саяси бағытына деген сенімнің жоғары деңгейін және оның халықаралық аренадағы жауапты әріптес ретіндегі беделін көрсетеді”, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, Бейбітшілік кеңесі стратегиялық қадағалау, халықаралық қаржыландыруды жұмылдыру, институционалдық ресурстар тарту және Газа секторын қалпына келтіру мен әлеуметтік-экономикалық тұрақтандыру бойынша мониторинг жүргізу функцияларын орындайды.
Кеңестің құрылымы екі деңгейден тұрады: Бірінгі, Құрылтай атқарушы кеңесі дипломатия, инфрақұрылым, экономика саласындағы тәжірибесі бар шектеулі халықаралық көшбасшылардан тұрады. Ал атқарушы орган мандат аясындағы үйлестіру жұмыстарын қамтамасыз етеді.
“Құрылтай атқарушы кеңесінің әрбір мүшесі Газа секторындағы жағдайды тұрақтандыру үшін аса маңызды жеке бағытқа жетекшілік етеді”, – дейді А. Әлішева.
Ақ үйдің дерегінше, кеңес форматы тек Газа мәселесімен шектелмейді. АҚШ әкімшілігі бұл платформаны “халықаралық өзара іс-қимылдың кең алаңы” ретінде қарастырып отыр. Жаңа ұйым жұмысына қатысу үшін 58 әлемдік көшбасшы, Еурокомиссия және 50-ден астам мемлекеттің өкілдері шақырылған.
Экономист Сапарбай Жобаев бұл бастаманың геосаяси қырларына назар аударады. Оның айтуынша, Трамп сайлауалды уәделерін орындау үшін әлем елдерінен 1 млрд доллар көлемінде жарна жинауды көздеп отыр, бірақ Еуропа елдері мұны қолдай қоймаған.
“Макрон ашық айтты. Бұл БҰҰ-ның құзырындағы мәселе. Ал құрылатын Бейбіт әлем кеңесі осы қызметті алмастыратындай көрінеді. Сондықтан қолдаудан бас тартамын”, – дейді С. Жобаев.
Сарапшы керісінше, Ресей, Беларусь және Орта Азия елдері бұл бастаманы оң қабылдағанын қосады:
“G20 секілді қуатты елдердің жиынына Қазақстан мен Өзбекстан президенттерін шақырғаны абырой саналады”, – дейді ол.
С. Жобаев сондай-ақ АҚШ-тың бұл жобаны БҰҰ-ны айналып өту үшін пайдаланып отырғанын айтады:
“Трамп БҰҰ-ның 30-ға жуық ұйымынан шығуды көздеп отыр. Себебі оны қаржыландыратын елдердің ішінде АҚШ үлесі ауқымды”, – дейді экономист.
Дегенмен сарапшы Қазақстан үшін мұның тікелей экономикалық пайдасы айқын емес екенін атап өтеді, себебі жарна төлеу міндеті туындауы мүмкін.
Ажар Әлішева бұл форматқа қатысу Қазақстанның жаһандық күн тәртібіне енуі үшін маңызды мүмкіндік екенін айтады:
“Бұл халықаралық қауіпсіздік, тұрақты даму және жанжалдан кейінгі аумақтарды қалпына келтіру мәселелерінде елдің позициясын нығайтады”, – дейді сарапшы.
Форум аясында Мемлекет басшысы бірқатар шетелдік көшбасшылармен және бизнес өкілдерімен кездесіп, инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастық перспективаларын талқылайды.
Ал С. Жобаев өз сөзін қорытындылай келе: “Егер Бейбіт кеңес Ауғанстан, Иран секілді аймақтардағы тұрақсыздықтың экономикалық және гуманитарлық салдарын азайтуға үлес қоссa, бұл құптарлық іс”, – дейді.