Нұрай ісінде жаңа бап: "Некеге мәжбүрлеу" бойынша қылмыстық іс қозғалды

Бүгін, 09:57 / Arasha.kz
stan.kz коллажы. Суретте: Нұрай Серікбай

Шымкентте қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың ісі бойынша "некеге тұруға мәжбүрлеу" бабы аясында тағы бір қылмыстық іс қозғалды, деп Arasha.kz тілшісі Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Қосымша істің тіркелгенін марқұмның ісін қорғап жүрген адвокат Аянхан Омаров мәлімдеді. Оның айтуынша, қылмыстық іс Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 125-1-бабы ("некеге тұруға мәжбүрлеу") бойынша тіркелген.

"Нұрайдың ісі бойынша 125-1-баппен қылмыстық іс қозғалды. Қоғамды дүр сілкіндірген бұл іс Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Қазір Ішкі істер министрлігінен арнайы комиссия келіп, тәжірибелі полиция қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Тергеу жан-жақты, әділ әрі сапалы жүргізіледі деп сенемін", – деп жазды адвокат.

Айта кетейік, Нұрайдың өліміне байланысты іс қоғамда үлкен резонанс тудырды. Президенттің тапсырмасынан кейін салғырттық танытты деген күдікпен бірқатар полиция қызметкеріне қатысты да іс қозғалғаны хабарланған. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде тараған "Нұрай үшін" атты тренд те қызу пікірталасқа себеп болды.

Еске салсақ, 11 қаңтар күні кешке Шымкент қаласындағы Төлеметов көшесі маңындағы үйлердің бірінің жанынан 21 жастағы қыздың пышақ жарақаттарынан қаза тапқаны белгілі болды. Қайғылы сәт бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Кадрларда қыздың қашып құтылуға тырысқаны, шабуылдаушыға қарсылық көрсеткені, алайда оның бірнеше рет пышақтап, кейін оқиға орнынан қашып кеткені анық көрінеді. Ресми емес мәліметке сәйкес, Нұрай Серікбайға 11 рет пышақ жарақаты салынған.

Тэгтер:

шымкент алып қашу Нұрай Серікбай