Талдықорғанда Қытай туы өртеу ісі бойынша сот процесі басталды

Бүгін, 10:45 / Қайсар Қалам
Сурет: видеодан скрин

Айыпталушылар орындығында — кандастар мен Қазақстан азаматтарынан құралған топ. Тергеу оларды Қылмыстық кодекстің 174-бабының 2-бөлігі — «Адамдар тобы жасаған ұлтаралық араздықты қоздыру» бойынша айыптап отыр. Аталған баптың санкциясы он жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мәселе 2025 жылғы 13 қарашада болған оқиғалар туралы. Сол күні Шонжы ауылы маңында, Қазақстан мен Қытай шекарасына жақын жерде өткен наразылық акциясы кезінде Қытайдың мемлекеттік туы мен ҚХР басшысы Си Цзиньпиннің портреті көпшілік алдында өртелген. Бастапқыда қатысушылардың әрекеті әкімшілік құқық бұзушылық ретінде бағаланған, алайда кейін іс қылмыстық сипатқа қайта сараланған.

Айыпталушылардың бір бөлігі қамауда отыр, қалғандары үйқамақта. Тергеу мәліметінше, акцияға қатысушылардың әрекеті жария әрі арандатушылық сипатта болған және «ұлтаралық қатынастардың ушығуына» әкеп соғуы мүмкін.

Ал қорғау тарапы бұл әрекеттерді араздыққа немесе зорлық-зомбылыққа шақыру емес, наразылық білдірудің бір түрі деп санайды.

Өкінішке қарай, сот процесі айыпталушылардың бірінің өтініші бойынша жабық режимде өтеді. Айтуынша, ол Қытай Халық Республикасының аумағында тұрып жатқан жақындарының қауіпсіздігіне алаңдайды. Осыған байланысты БАҚ өкілдері мен қоғам мүшелері сот отырыстарына қатыса алмайды.

Келесі сот отырысы 29 қаңтарға белгіленді. Алдағы тыңдауларда айыпталушылардан жауап алу және қылмыстық қудалауға негіз болған бейнематериалдарды зерттеу жоспарланып отыр. «Орда» сот процесінің барысын бақылауды жалғастырады.
 

Тэгтер:

сот Талдықорған Қытай туы Туды өртеу