Жетісу облысында жол апатынан бес адам қаза тапты

Бүгін, 10:40 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Жетісу облысында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан бес адам көз жұмды, деп хабарлады өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі.

«24 қаңтар күні сағат 15.30 шамасында Ақсу ауданында “Көшкентал – Қапал” автожолының 4-шақырымында екі автокөліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы тіркелді. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Toyota Avalon және Toyota Camry маркалы автокөліктер соқтығысқан. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы дереу жетіп, бастапқы тергеу амалдары жүргізілуде. Жол-көлік оқиғасы салдарынан бес адам қаза тапты. Әртүрлі дәрежедегі дене жарақатын алған екі жолаушы медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жеткізілді», – делінген хабарламада.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Қазіргі уақытта болған оқиғаның себептері мен мән-жайларын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, барлық нұсқалар қарастырылуда. Тергеу барысы департамент басшылығының бақылауында. Полиция қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтады», – деп қосты полиция департаментінде.

Тэгтер:

көлік жол апаты адам қазасы