Белгілі режиссер, тележүргізуші, актер әрі продюсер Александр Олейниковтың қайтыс болғаны белгілі болды. Оның өмірден өтуіне қатысты соңғы сәттерін қызы Дарья баяндады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Режиссердің қазасын фотограф Геннадий Авраменко хабарлаған. Ол өз Telegram-арнасында:
"Александр Олейников қайтыс болды. Жасы небәрі 60-та еді. Жатқан жері жарық болсын", – деп жазды.
Ал марқұмның қызы Дарья Олейникова 24 қаңтар күні әкесінің кенеттен көз жұмғанын айтып, жеке блогында жүрекжарды жазба жариялады.
"Бүгін әкемнен айырылдым. Қыстың ең суық түнінде. Бұл тыныштық пен ішке түскен ауыртпалықпен қалай өмір сүру керегін әлі білмеймін. Әкем өте жарқын, ақылды адам еді. Оның өмірі таңғажайып кездесулерге, оқиғалар мен адамдарға толы болды. Ол әр күнді тарихқа айналдыра білетін. Жарқын, шынайы, әдемі өмір сүрді. Сол секілді өзіне тән түрде – күтпеген жерден, кенеттен кетті. Сыртқа шығып, темекі тартты да, сол сәтте қайтыс болды", – деп жазды Дарья.
Айта кетейік, Дарья әкесінің жолын қуып, қазір режиссердің көмекшісі болып жұмыс істейді.
Александр Олейниковтың шығармашылық жолы
Александр Олейников 1965 жылы 21 қазанда Мәскеу қаласында дүниеге келген. Ол ВГИК-те және Мәдениет институтында білім алған. 1985 жылдан бастап теледидарда еңбек етіп, режиссер ретінде танылып, белгілі музыкант Дитер Боленнің музыкалық бейнебаяндарын түсірген.
1994-1996 жылдары драматург Виктор Мережкомен бірге "Моё кино" бағдарламасын жүргізді. Сондай-ақ "Мои новости" және "Моя звезда" жобаларының жүргізушісі болды.
Көпшілік оны 2013 жылы Бірінші арнада шыққан "Вечерний Ургант" шоуының үшінші маусымындағы жүргізушілердің бірі ретінде жақсы таниды.