Алматыдан шыққан FlyArystan әуе компаниясының ұшағы қону барысында құстармен соқтығысқан, деп хабарлайды Arasha.kz.
Авиакомпанияның баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 24 қаңтар күні FS7167 рейсін орындау кезінде, Алматы – Орал бағыты бойынша ұшып келген әуе кемесінің қону сәтінде тіркелген.
Ұшақ Орал әуежайына сәтті қонғаннан кейін, әуе кемесі мен оның негізгі тораптарын толық тексеру мақсатында Астана қаласынан инженерлік-техникалық мамандар жіберілген.
«Барлық тексеру шаралары аяқталған соң ұшақ ұшуға жарамды деп танылды. 25 қаңтар күні сағат 01:17-де әуе кемесі Орал – Алматы бағыты бойынша қайта ұшты. Рейс кешіккен жолаушыларға ыстық сусындар мен тамақ ұсынылды, сондай-ақ сұраныс бойынша 33 жолаушы қонақүйге орналастырылды», – деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
FlyArystan өкілдері барлық іс-шаралар авиациялық қауіпсіздік пен техникалық пайдалану талаптарына қатаң сәйкес жүргізілгенін атап өтті. Компания жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігі әрдайым басты басымдық екенін, ал құстармен соқтығысу тасымалдаушыға тәуелсіз сыртқы факторларға жататынын мәлімдеді.