АҚШ Президенті Дональд Трамп Канаданың Қытаймен жасасқан сауда келісімі бұл ел үшін апатты салдарға әкелетініне сенім білдірді, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Канада өз-өзін жүйелі түрде құрдымға жіберіп жатыр. Қытаймен жасалған бұл мәміле олар үшін нағыз қасірет. Ол тарихтағы ең сорақы келісімдердің бірі ретінде есте қалады», — деп жазды Америка басшысы Truth Social желісінде.
Трамп канадалық компаниялар туралы айта келе: «Олардың бүкіл бизнесі АҚШ-қа көшіп жатыр», — деп қосты.
«Мен Канаданың аман қалып, гүлденгенін қалаймын», — деп сендірді АҚШ президенті. Сондай-ақ ол Канаданың автокөлік өнеркәсібі өкілдерінің видеожазбасын жариялап, оны көруге кеңес берді. Видеода сауда саласында АҚШ-пен байланысты үзбеудің маңыздылығы айтылады.
Тағы бір жазбасында Трамп: «Қытай кезіндегі айбынды Канаданы сәтті әрі толығымен басып алып жатыр», — деп мәлімдеді.
«Мұны көру өте өкінішті. Жалғыз тілегім — хоккеиге тиіспесе екен», — деп түйіндеді АҚШ президенті.