ҰҚК фармацевтикалық компаниясының басшыларын ұстады

Бүгін, 11:35 / Қайсар Қалам
сурет: ҰҚК

Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Қазақстанда медициналық бұйымдарды жалған өндірудің ауқымды схемасын анықтап, «OrdaMed» фармкомпаниясының басшыларын қолға түсірді, деп хабарлайды Arasha.kz.

«OrdaMed» АҚ басшылығын тінту барысында құны 1 млрд теңгеден асатын инвестициялық монеталар тәркіленді. Сонымен қатар, «Interdentica», «Erkin Brand» және «OrdaMed» компанияларындағы үлестерге тыйым салынды. Сот санкциясымен «OrdaMed» АҚ техникалық директоры, бұрынғы басқарма төрағасы және өндірістік басқарма бастығы қамауға алынды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр», - деп хабарлады дүйсенбі күні ҰҚК баспасөз қызметі.

Ведомствоның атап өтуінше, ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі фармацевтика саласындағы қылмыстық схемаларды ұйымдастырушыларды анықтау жұмыстарын жалғастыруда.

«Отандық медициналық бұйымдар өндірісін жалған көрсетудің ауқымды схемасы әшкереленіп, жолы кесілді. «OrdaMed» АҚ басшылығы Қазақстанда жеке өндірісі бар деген жалған құжаттарды пайдаланып, мемлекеттік емдеу мекемелеріне медициналық жабдықтардың 28 түрін жеңілдікпен жеткізу бойынша заңсыз басымдықтарға ие болған. Халықтың денсаулығы мен амандығы үшін өте маңызды бұл жабдықтар іс жүзінде шетелден дайын күйінде әкелінген», - делінген хабарламада.

Мәліметке сәйкес, бұл әрекеттердің салдарынан мемлекетке 4,5 млрд теңге көлемінде шығын келген.
 

Тэгтер:

фармацевтика ҰҚК OrdaMed