Астанада шаңғыдан ауқымды жарыс өтті

Бүгін, 11:57 / Қайсар Қалам
Сурет: Әкімдік

Астананың Орталық саябағындағы шаңғы-роллер трассасында шаңғыдан ауқымды жарыс өтіп жатыр. Іс-шара қысқы спорт түрлерін насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Жас ерекшеліктеріне қарай 8 жас санаты бойынша 500-ден аса шаңғышы жарыс жолына шықты. Қысқы спорттық мерекені тамашалауға қала тұрғындары мен қонақтары отбасы мүшелерімен, достарымен бірге келді.
Шаңғы жарысына да отбасымен бірге қатысқандар болды. Олардың бірі – әкелі-балалы Ержан Тұрсынбекұлы мен Тұрсынбек Ермұхамет.

«Біз отбасымызбен бірге қысқы шаңғы спортымен тұрақты түрде айналысамыз. Қазіргі жарысқа балам қатысып жатыр. Одан кейінгі ересектер арасындағы жарысқа өзім қатысамын. Бүгінгі көңіл күйіміз өте жақсы. Бұқаралық спортты дамытуға арналған осындай шаңғы жарысы Астанада жыл сайын өткізіледі. Қала әкімдігіне, ұйымдастырушыларға алғысымыз зор. Бұл жарысқа біз былтырдан бері қатысып келеміз. Биыл екінші рет бақ сынап отырмыз. Мен 40-49 жастағылар арасындағы жарысқа қатысамын», – деді жарысқа қатысушы қала тұрғыны Ержан Тұрсынбекұлы.

Ал оның 13 жастағы ұлы Ермұхамет шаңғы жарысынан алғаш рет жүлдегер атанды.

«Спорттық жарыстарға қатысқанды ұнатамын. Алдағы жарыстардан да қалмауға тырысамын. Шаңғыдан алғаш рет жетістікке жетіп, керемет сезімге бөленіп тұрмын. Көңіл күйім тамаша», - деді №64 мектептің оқушысы Ермұхамет Тұрсынбек.

Қысқы мерекелік іс-шара аясында спорттың 5 түрі бойынша жарыстар ұйымдастырылды. 75 келіге дейін және 75 келіден жоғары салмақ дәрежелері бойынша спортшылар армрестлингтен бақ сынады. 8 кг және 16 кг гірді көтеруден сайысқа түсті. 

Сонымен қатар 75 келіге дейін және 75 келіден жоғары салмақ дәрежелері бойынша спортшылар белбеу күресінен мықтыны анықтады. Сондай-ақ барлық қатысушылар арқан тартудан өзара күш сынасты.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен, мақтау қағаздарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
 

Тэгтер:

Астана спорт шаңғы