Конституция азаматтардың ар-намысы мен цифрлық деректерін қалай қорғайды?

Бүгін, 12:04 / Қайсар Қалам
Сурет: Конституциялық сот

Қазақстанда адам капиталын, білім мен инновацияны мемлекет қызметінің стратегиялық негізі ретінде Ата Заң деңгейінде айқындау ұсынылды. Мұндай бастаманы Конституциялық комиссияның мүшесі, Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева комиссияның екінші отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Депутаттың айтуынша, Конституцияның жаңа редакциясына енгізілетін бұл норма мемлекеттің даму бағытын айқындайтын нақты бағдар болмақ. Бұдан былай елдің тұрақты дамуы тек табиғи ресурстар мен экономикаға емес, ең алдымен адамға – оның біліміне, дағдысы мен мүмкіндігіне арқа сүйейтіні заң жүзінде мойындалады.

«Адам капиталын, білімді, инновация мен мәдениетті мемлекет қызметінің негізі ретінде бекіту арқылы біз бұл бағыттарды конституциялық деңгейдегі басымдыққа көтереміз. Бұл бюджетті қалыптастыруда, реформалар мен мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеуде мемлекет әрбір азаматтың әлеуетін ашуға, ғылым мен технологияны қолдауға міндетті болатынын білдіреді», — деп атап өтті Снежанна Имашева.

Маңызды өзгерістердің тағы бірі – адамның қадір-қасиетін конституциялық қорғау аясын кеңейту. Ата Заңда адамның абыройымен қатар оның ар-намысын, жақсы есімі мен беделін қорғауды тікелей бекіту ұсынылып отыр. Депутат бұл қадам мемлекеттің жеке тұлғаны құқықтық қорғауды қамтамасыз етудегі тікелей міндетіне айналатынын түсіндірді.

Заман ағымына сай, жеке өмірдің қолсұғылмаушылығы туралы бапқа да елеулі толықтырулар енгізілмек. Енді Конституция азаматтардың дербес деректерін заңсыз жинаудан, өңдеуден және сақтаудан, соның ішінде цифрлық технологияларды қолдану арқылы жасалатын құқық бұзушылықтардан тікелей қорғайтын болады.

Бұған дейін Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев та Негізгі Заңда адам өмірінің абсолютті құндылығы мен оның құқықтары мен бостандықтарының басымдығын нығайту қажеттігін алға тартқан болатын.

Айта кетейік, Конституциялық комиссия мүшелері ұсынған бұл түзетулер құқық қорғау тетіктерін күшейтуге және заң нормаларының айқындығын арттыруға бағытталған.
 

Тэгтер:

адам құқығы Конституциялық сот Снежанна Имашева