Үндістанда өлімге әкелетін вирус тарады: Денсаулық сақтау министрі мәлімдеме жасады

Бүгін, 12:38 / Arasha.kz
pexels.com

Үндістанда әзірге емі табылмаған аса қауіпті Нипах вирусының өршуі тіркелді. Осыған байланысты Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі ел аумағында Нипах вирусын жұқтыру немесе оның сырттан әкеліну деректері анықталмағанын хабарлады. Алайда қауіпті аймақтарға сапар жоспарлаған азаматтарды сақтық шараларын қатаң ұстанып, денсаулық жағдайына мұқият мән беруге шақырды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Министрлік мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстанда эпидемиологиялық ахуал тұрақты, алайда халықаралық сапарлардың артуы инфекцияның өзге елдерге таралу қаупін күшейтеді.

Нипах вирусы деген не?

Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы (ҰҚДОО) дерегіне сәйкес, Нипах вирусы – зооноздық инфекция. Ол адамға негізінен жарқанаттар мен шошқалардан, сондай-ақ вирус жұққан тағам өнімдері арқылы және науқаспен тығыз қарым-қатынас кезінде жұғады. 1998-1999 жылдары Малайзия мен Сингапурда тіркелген індет кезінде вирус алдымен жарқанаттар арқылы мал азығы мен су көздеріне таралып, одан әрі шошқаларға жұққан. Ал адамдар вирусқа шалдыққан жануарлармен немесе олардың бөлінділерімен байланыс барысында ауырған.

Мамандардың айтуынша, Оңтүстік Азияның кейбір өңірлерінде бұл инфекцияның маусымдық түрде қайта-қайта шығуы байқалады. Туризм, іссапарлар мен еңбек көші-қоны да вирустың басқа елдерге таралу қаупін арттырады.

Вирус қай өңірде анықталды?

Қазіргі уақытта Үндістанның Батыс Бенгалия штатында Нипах вирусын жұқтырған бес адам тіркелген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл вирусты жоғары қауіп төндіретін патогендер қатарына жатқызады. Осыған байланысты мамандар алдын алу шараларына ерекше мән беруге кеңес береді:

ҰҚДОО өкілдері дене қызуының көтерілуі, жөтел, қатты бас ауруы секілді белгілер байқалған жағдайда дереу дәрігерге жүгініп, соңғы уақытта қауіпті аймақтарда болғаныңызды міндетті түрде хабарлау қажет екенін ескертті.

Айта кетейік, Үндістанда тіркелген барлық жағдайлар медицина қызметкерлері арасында анықталған. Алғашқы науқас белгілі болғаннан кейін шамамен 100 адамға үй карантинінде болу жөнінде нұсқама берілген.

Мамандар Нипах сияқты вирустардың мутацияға бейімділігі жоғары екенін атап өтті. Бұл олардың жаңа ортаға тез бейімделуіне және кей жағдайда адам ағзасының иммундық қорғанысын айналып өтуіне мүмкіндік береді. Ғалымдардың пікірінше, климаттың өзгеруі, орман алқаптарының азаюы және урбанизация адамдар мен жабайы табиғат арасындағы байланысты күшейтіп, жануарлардан адамға жұғатын инфекциялар қаупін арттырып отыр.

ДДСҰ дерегіне сәйкес, Нипах вирусының өлім-жітім деңгейі өте жоғары – штамына қарай 40-75 пайызға дейін жетуі мүмкін. Ал аман қалған науқастарда ұзақ мерзімді неврологиялық асқынулар, соның ішінде тұрақты құрысулар мен психоневрологиялық өзгерістер байқалуы ықтимал.

Тэгтер:

Үндістан вирус