Болгария Президенті Румен Радев өз еркімен қызметінен кеткеннен кейін, мемлекет басшысының өкілеттігі вице-президент Илияна Йотоваға өтті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ел тарихында тұңғыш рет әйел адамның президенттік тізгінді ұстағаны туралы шешімді Болгарияның Конституциялық соты жариялады. Алдыңғы президент отставкаға кеткен соң, 61 жастағы Илияна Йотова 2027 жылдың қаңтарында аяқталатын өкілеттік мерзімі біткенше мемлекет басшысының міндетін атқарады.
Илияна Йотова бұған дейін Радевтің екі президенттік мерзімі бойы вице-президент лауазымын атқарған. Ал 2007-2017 жылдар аралығында Еуропарламент депутаты болып, лаңкестікпен күрес және миграциялық саясат мәселелерімен айналысқан.
20 қаңтар күні Болгария Президенті Румен Радев қызметінен кететінін мәлімдеді. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, бұл күтілген шешім болатын. Қазіргі таңда Болгария соңғы төрт жылдағы сегізінші парламенттік сайлауға дайындалып жатыр. Радев алдағы айларда өтетін осы сайлауға қатысу үшін өз саяси партиясын құрады деп күтілуде.
Бұл — қазіргі Болгария тарихындағы осы институт орнаған 33 жыл ішінде президенттің мерзімінен бұрын қызметінен кеткен алғашқы жағдайы.
Айта кетейік, 2025 жылдың қараша айының соңынан бастап Болгарияда наразылық акциялары өткен болатын. Ереуілшілер салық саясаты мен әлеуметтік жарналардың өсуіне қарсы шығып, биліктің ауысуын және жемқорлықпен күресті күшейтуді талап етті. 11 желтоқсанда Болгария Премьер-министрі Росен Желязков өз кабинетінің отставкаға кететінін ресми түрде жариялаған болатын.