Әлеуметтік желіде 17 жыл бойы құлдықта болған апалы-сіңілілердің бірі Құндыздың қол-аяғы байлаулы күйде жерде жатқан суреті тарап, қоғамды дүр сілкіндірді. Оқиғаның ақ-қарасын анықтау үшін танымал журналист Руслан Өтепбай Тараз қаласына барып, зерттеу жұмысын бастаған. Бұл туралы Sadaq.kz хабарлады.
Журналист Тараз қаласының полиция департаменті қызметкерлерімен бірге қыздардың жағдайын көзбен көріп, тілдескен. Жарияланған бейнежазбада Құндыздың қатты қорқып, жылап отырғаны байқалады.
Руслан Өтепбай көрген жағдайын ашық айтып, бұл деректерде қинау белгілері барын жеткізді. Оның айтуынша, Құндыздың қол-аяғы тұсауланып, скотчпен байланған. Журналист мұндай жағдайда адамның өміріне тікелей қауіп төнуі мүмкін екенін атап өтті.
Ал қыздардың қамқоршысы Зүлфия Төленова өз кезегінде Құндыздың мінезі қиын екенін айтып, соңғы уақытта өзіне де, психологиялық жағдайына да тыныштық болмағанын алға тартқан.
Алайда Құндыздың өзі байлауды тікелей Зүлфия Төленова жасағанын мәлімдеді. Оның сөзінше, ол байлаулы күйде ұзақ уақыт жатқан, соның салдарынан денесі қатты ауырған.
Осыған байланысты Руслан Өтепбай Құндыздың айтқанына сенетінін жазып, егер мұндай әрекет болмаған жағдайда қыздың жала жабуы екіталай екенін атап өтті. Журналисттің мәліметінше, аталған дерек бойынша Зүлфия Төленованың үстінен қылмыстық іс қозғалған.