17 жыл бойы құлдықта болған апалы-сіңілілердің бірі Құндыздың қол-аяғы байлаулы күйде жерде жатқан суретінің таралуы қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Аталған жағдайға байланысты Құндыз бен Назгүлдің қамқоршысы Зүлфия Төленова пікір білдіріп, өз ұстанымын айтты.
Оның сөзінше, әлеуметтік желіде тараған суреттер өзін де таңғалдырған.
"Халқым, бұл оқиғаны көріп, өзім де қатты таңғалдым. Осы жылдар ішінде талай баланы асырап алдым. Алдымызда ақталайын деп отырған жоқпын, бірақ бұл жағдайдың қалай және кім тарапынан түсірілгенін білмеймін", – деді ол.
Зүлфия Төленованың айтуынша, суретте көрсетілгендей жағдай әдейі жасалуы мүмкін емес.
"Егер мен балаларды байлап, сондай әрекетке барсам, бұл өзіме қастық жасаумен тең болар еді. Байлап қойып, суретке түсіріп отырмайтыным анық", – деді қамқоршы.
Ол Құндыздың ақыл-есінде ауытқуы бар екенін, кей кездері Назгүлге қол көтеретінін де алға тартты.
"Мүмкін, байлау сол сәтте басқа балалардың тарапынан болған шығар, оны нақты айта алмаймын. Бұл үйдегі балалардың барлығы – ерекше күтімді қажет ететін жандар", – деді ол.
Сонымен қатар, Зүлфия Төленова бұл жағдайдың қашан болғанын да білмейтінін айтып, күнделікті балалардың құжаттары мен тұрмыстық қажеттіліктеріне байланысты үйден жиі шығатынын жеткізді.
"Үйге келгенімде балалар әрдайым тыныш, қалыпты жағдайда отыратын. Сондықтан бұл әрекетті біреулер әдейі менің беделіме нұқсан келтіру, аяқтан шалу мақсатында жасаған болуы мүмкін деп ойлаймын", – деді ол.