Атыраудағы резонансты іске қатысты басты күдікті деп танылған Сұлтан Сәрсемәлиев жөнінде жаңа мәлімет жария болды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Атырау облысы полиция департаменті өкілі Мейірім Ердәулет "Kursiv Media" YouTube арнасына берген сұхбатында Жангелді ауылында ерлі-зайыптының өліміне байланысты күдікке ілінген азаматтың не себепті іздеуге жарияланғанын түсіндірді.
Оның айтуынша, адамды күдікті деп тану – тек полицияның біржақты шешімі емес, бірнеше құқықтық кезеңнен өтетін процесс.
"Бұл – тергеудің қабылдаған шешімі. Кез келген адамды қылмысқа күдікті деп тану үшін полиция прокуратураға, одан кейін сотқа дәлелдер ұсынады. Яғни, полицияның қолында бұлтартпас айғақтар бар", – деді ол.
Полиция өкілінің мәліметінше, ресми түрде анықталған бағыт бойынша күдікті алдымен Атыраудан Шымкентке, кейін Шымкент арқылы Өзбекстан аумағына өткен. Осыған байланысты ол халықаралық іздеуге жарияланған.
"Қазіргі таңда халықаралық іздеу жұмыстарын тиісті құзырлы органдар жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, бұл қылмысқа басқа да тұлғалардың қатысы бар-жоғы тексерілуде. Алайда тергеу мүддесіне сәйкес кейбір деректер жарияланбайды. Себебі күдіктілердің жүрген жерін анықтау мен оларды ұстау – тергеу барысындағы маңызды кезең", – деп атап өтті Мейірім Ердәулет.