Конституциялық комиссияның екінші отырысында реформалар жөнінде келіп түскен ұсыныстар талқыланды. Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының төрайымы отырыс модераторы Эльвира Азимова комиссияға екі мыңнан астам ұсыныс келіп түскенін, олардың барлығы біртұтас жинақталған кестеге топтастырылғанын атап өтті.
Бірақ қоғам тарапынан келіп түскен ұсыныстардың саны айтылғанымен, комиссия халық ішінен келген ұсыныстарды жарияламады. Ол ұсыныстарда не айтылғаны комиссиядан өзге жұртқа жұмбақ. Бұл комиссия жұмысына қатысты: "комиссия жұмысы ашықтық пен жариялылық қағидаттарына негізделген" делінген сөзге қайшы әрі оны жоққа шығарып тұр. Азимова айтып отырған "біртұтас жинақталған кесте де" жоқ. Ұсыныстар мен оның жинақталған кестесін комиссия неге БАҚ арқылы жарияламай отырғаны белгісіз.
«Мұндай диалог форматы реформаның негізгі қағидатын көрсетеді: конституциялық реформа ең алдымен халықтың мүддесі үшін және оның тікелей қатысуымен жүргізіледі», — деді Эльвира Азимова.
Алайда, президент бекіткен алдын ала жасалған тізім бойынша жасақталған комиссия жұмысы халықтың тікелей қатысуымен өтіп жатыр деуге мүлдем келмейді. Азимова ханым айтып отырған "халықтың мүддесі үшін және оның тікелей қатысуымен жүргізіледі" деп отырған әрекетті жалпыұлттық талқылау деп атайды және оның форматы тізім бойынша тағайындалған мүшелерден емес, ашық тізім бойынша жасақталып, көшпелі комиссия жұмысы ретінде жүрілетіні белгілі. Ал тікелей эфир - халықтың тікелей қатысуын білдірмейді.