Қазақстан – жылқы өсіру мәдениеті мен ет тұтыну дәстүрі қалыптасқан ел. Дегенмен соңғы жылдары нарықта тосын құбылыс байқалып отыр: жылқы еті Қазақстанға мыңдаған шақырым қашықтағы Уругвай, Аргентина, Моңғолия секілді елдерден әлдеқайда арзан бағамен жеткізілуде. Ал отандық нарықта сол ет бірнеше есе қымбат сатылады. Бұл қалай мүмкін?
Уругвайдан келген ет: 1 келісі – 848 теңге
Кеден декларацияларындағы нақты деректерге сүйенсек, қазақстандық кәсіпкер британдық компания арқылы Уругвайдан 8,8 тонна жылқы етін импорттаған. Құжатта көрсетілген мәлімет бойынша, бір келі еттің бағасы – небәрі 848 теңге.
Бұл – логистикасы күрделі, мұхит асып, бірнеше құрлықтан өтетін өнімнің бағасы. Яғни ет Уругвайдан Қазақстанға 12-14 мың шақырым жол жүріп жеткенімен, бағасы өте төмен.
Салыстыру үшін айта кетсек, Қазақстандағы базарлар мен дүкендерде жылқы етінің бір келісі 2800–4000 теңге аралығында сатылып жатыр.
Аргентина: Мессидің отанынан келген ет те арзан
Ұқсас жағдай Аргентинадан жеткізілген етте де байқалады. Орал қаласындағы "Кублей" ЖШС Аргентинадан жылқы етін импорттаған. Кеден құжатында көрсетілгендей, бір келі еттің бағасы – 1318 теңге.
Бұл да Қазақстан ішкі нарығындағы бағадан екі-үш есе төмен. Ет сапасы жағынан да халықаралық стандарттарға сай, мұздатылған күйде жеткізілген.
Моңғолиядан келген ет – өзіміздікінен арзан
Тіпті Қазақстанға ең жақын елдердің бірі саналатын Моңғолиядан жеткізілген жылқы еті де арзан. Кеден деректеріне сәйкес, Моңғолиядан әкелінген мұздатылған таза жылқы етінің келісі – 1728 теңге.
Бұл баға да Қазақстандағы орташа нарықтық құннан айтарлықтай төмен.
Сонда неге ол жақта ет арзан?
Сарапшылар мен экономистер бірнеше негізгі себепті алға тартады:
- Климаттық артықшылық – Уругвай мен Аргентинада жыл он екі ай жайылым бар. Мал қысы-жазы табиғи шөппен қоректенеді.
- Жем-шөпке шығын аз – Мал бордақылауға кететін шығын төмен.
- Ет индустриясы дамыған – Бұл елдерде ет экспортына бейімделген ірі өндіріс жүйесі қалыптасқан.
- Логистика мен нарық көлемі – Үлкен көлеммен экспортталатын өнімнің өзіндік құны арзандайды.
- Делдалдар аз, жүйе ашық – Өндірушіден экспортқа дейінгі тізбек қысқа.
Ал Қазақстанда, керісінше, делдал көп, жем-шөп қымбат, бордақылау шығыны жоғары, субсидиялау жүйесі тиімсіз жұмыс істейді деген сын жиі айтылады.