Қаскелеңде ер адам әйелі мен енесін таяқтың астына алды

Бүгін, 16:32 / Қайсар Қалам
Сурет: видеодан скрин

Алматы облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғасы тергеліп жатыр, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оқиға Қаскелең қаласында 24-інен 25-іне қараған түні болған. Шабуыл сәті түсірілген кадрлар әлеуметтік желілерде тарап кетті.

Куәгерлердің айтуынша, қалада іс-шара жүргізушісі (асаба) ретінде танымал ер адам ажырасу процесінде жүрген әйелінің үйіне баса-көктеп кірген. Тараптар арасында жанжал туындап, салдарынан әйел мен оның анасы зардап шеккен, сондай-ақ мүліктеріне зақым келген.

Желіде әйелдің оқиға зардаптарын — қираған терезелерді, зақымдалған көлікті және соққы іздерін көрсеткен видеосы жарияланды. Ол жазбада өз жағдайы мен оқиғаның мән-жайын баяндайды.

«Ол мені кезекті рет соққыға жықты. Көлігімді қиратты. Қолымды сындырды. Арқамнан күрек сабымен аяусыз ұрды. Анамды да сабады. Үйдің терезелерін шақты. Сол қолымды мүлдем сезбей тұрмын. Бет-аузым қан-жоса, денемнің бәрі тілінген. Міне, менің көлігім. Ол сіңлімді де ұрды. Бұған қашанғы шыдауға болады? Ол балаларды сылтау етеді. Әр жолы балаларды әкетуге келгенде мені сабап кетеді. Полиция шақырттым, күтіп отырмын. Өтінемін, көмектесіңіздер. Мен прокуратураға арызданамын», — дейді әйел бейнежазбада.

Оқиғадан кейін орынға полиция қызметкерлері келді. Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі агенттікке берген түсініктемесінде күдіктінің ұсталғанын хабарлады.

«Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері ауданның 31 жастағы тұрғынын ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Оның әйелімен жанжалдасуы барысында әйел мен оның анасына дене жарақаты салынғаны, сондай-ақ мүліктің қасақана зақымдалғаны анықталды. Оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің екі бабымен іс тіркелді. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша күдіктінің іс-әрекетіне қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң құқықтық баға беріледі», — деп хабарлады полициядан.

Тергеу амалдары жалғасуда.

Тэгтер:

зорлық-зомбылық жанжал Қаскелең