Қазақстан армиясында тағы бір сарбаз қаза тапты

Бүгін, 08:35 / Қайсар Қалам
Сурет: Қарулы күштер министрлігі

Жамбыл облысында мерзімді қызметтегі әскери қызметшінің қаза болу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бас прокуратураның хабарлауынша, қайғылы оқиға 27 қаңтарда болған. Сарбаз қарумен жұмыс істеу кезінде өлімге әкелген жарақат алған.

Тергеуді ІІМ-нің әскери-тергеу органдары жүргізуде. Арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Істің барысы Бас прокурордың жеке бақылауына алынды.

«Сонымен қатар, оқиға алдындағы жағдайларды жан-жақты әрі объективті (комиссиялық) түрде анықтау мақсатында Қорғаныс министрінің орынбасары, Бас әскери прокурор және ІІМ Әскери-тергеу департаментінің бастығы оқиға орнына жіберілді», — деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.

Бұдан бөлек, бұл топқа еліміздегі барлық әскери бөлімдердегі әскери тәртіптің сақталуын және жеке құрамның қауіпсіздік талаптарын тексеру тапсырылды.

Жақын арада әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау, сондай-ақ мерзімді қызметтің қауіпсіздігі мәселелері Бас прокуратураның арнайы алқа мәжілісінде қаралатын болады.

Еске сала кетейік, 23 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысының Жаңғызтөбе кентінде орналасқан 47007 әскери бөлімінде қарауылда тұрған сарбаз өзіне оқ атқан болатын.
 

Тэгтер:

тергеу әскер сарбаз өлімі