Атырауда NCOC компаниясының менеджері Бибігүл Шпанованы аса қатыгездікпен өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Арман Жетпісов үкімнің жеңілдетілуіне үміт артқанымен, сот шешімді өзгеріссіз қалдырды. Бұл туралы Alash.kz хабарлады.
Атырау облыстық соты Жетпісовтің апелляциялық шағымын қарап, оны қанағаттандырудан бас тартты. Осылайша, өмір бойына бас бостандығынан айыру жөніндегі үкім заңды күшіне енді.
Қанды қылмыс өткен жылдың көктемінде Атырау қаласындағы "Французский квартал" тұрғын үй кешенінде болған. Тергеу материалдарына сәйкес, Жетпісов аталған кешенде слесарь-сантехник болып жұмыс істеген. Ол осы қызметін пайдаланып, марқұмның сеніміне кіріп, автотұрақ орнын арзан бағамен алып беруге уәде еткен. Әйелден 400 мың теңге көлемінде алдын ала төлем алғанымен, уәдесін орындамаған.
Араға бір жыл салып, Бибігүл Шпанова ақшасын қайтаруды талап еткен кезде, күдікті қылмыс жасауға бел буған. Қайғылы оқиға күндізгі уақытта әйелдің өз пәтерінде орын алған.
Сотта анықталғандай, Бибігүл Шпанова пышақтан алған көптеген жарақаттардан көз жұмған. Бұдан кейін Жетпісов марқұмның мәйітіне қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасап, оның ақшасы мен зергерлік бұйымдарын ұрлаған. Сондай-ақ жәбірленушінің автокөлігін айдап кетіп, ізін жасыруға тырысқан.
Кейін күдікті Маңғыстау облысында ұсталған. Іс сотта жабық режимде қаралған.
Сот Арман Жетпісовті алаяқтық, асқан қатыгездікпен зорлау, пайдакүнемдік ниетпен жүкті әйелді өлтіру, ірі көлемдегі ұрлық және автокөлікті заңсыз иемдену баптары бойынша кінәлі деп таныды.