Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) сотына еңбек мигранттары отбасыларын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) мәселесіне қатысты түсініктеме беруді өтініп, жүгінді. Бішкек тарапы Мәскеу ЕАЭО келісімін бұзып отыр деп санайды, деп хабарлайды Arasha.kz.
ЕАЭО сотының картотекасындағы мәліметке сүйенсек, Қырғызстан еңбек мигранттарына медициналық полис рәсімдеуден бас тартылған соң, жағдайды нақтылау үшін сотқа жүгінген.
Даудың себебі ретінде «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың ережелерін түсіндіру» көрсетілген. Құқықтық сала – еңбек миграциясы. Өтініш беруші — Қырғызстан Әділет министрлігі жанындағы Соттық өкілдік орталығы.
Түсіндіру туралы сауал ЕАЭО шартының екі тармағына (98-баптың 3 және 4-тармақтарына) қатысты. Қырғыз тарапы мынадай мәселені нақтылауды талап етуде:
ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер еңбек мигранттарының отбасы мүшелеріне МӘМС жүйесіне өз азаматтарымен тең дәрежеде қолжетімділікті қамтамасыз етуге міндетті ме?
Бұл мәселе туралы Қырғызстанның Міндетті медициналық сақтандыру қорының төрағасы Азамат Мұқанов Жогорку Кенештің (парламенттің) комитет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды 24.kg басылымы. Депутаттардың сөзіне сілтеме жасаған басылым «Қырғызстан талап арыз түсірді» деп жазды.
«Ресей тарапы бүгінде еңбек мигранттарының отбасы мүшелеріне МӘМС полисін беруден бас тартып, келісімнің 96-97-баптарын бұзып отыр. Қырғыз Республикасы ЕАЭО сотына жүгінді, процесс жүріп жатыр, шешім екі аптадан кейін шығады», — деді Азамат Мұқанов.