Әлеуметтік желіде әнші Тамара Асардың жазбасы көпшіліктің назарын аударды. Өнер иесі соңғы кезде неге бұрынғыдай жиі жазбайтынын түсіндіріп, ақпараттық сайттардың жұмыс тәсіліне қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Тамара Асардың айтуынша, ол табиғатынан жазуды, оқырманмен ашық сырласуды ұнататын адам. Бұрын ішкі ойын жасырмай, күнделік іспетті жазбалармен бөлісіп жүрген. Алайда соңғы уақытта бұл әдетін саналы түрде азайтқан.
"Мен табиғатымда жазғанды жақсы көретін жанмын. Бұрын оқырмандарыммен ішімдегіні бүкпей сырласам деп ойлап, талай Томишимайды шимайлайтынмын. Қазір азайттым. Сайттардан көрген пайдам осы болды. Себебі соңғы кезде сығалаған сайттар, кез келген парақшадан ақпаратты алып, оны бұрмалап, айтқан әңгімемен шығарған суреттің ішек қарынын ақтарып, тоқішегін төбесіне кигізіп тақырып қылып оқырманнның тәрелкесіне "жұта сал" деп салып береді. Бейкүнә оқырман алдына келгеннің кейде не екенін көріп білместен,иісін де сезбезтен жұта салады да, әрлі-берлі комментарияны құсуға тура келеді. Сөйтіп сайттар оқырман мен тұлғаның арасында жік туғызады.
Ал оқырмандар пікірлестер мен қарсыластар болып өзара жік-жікке бөлінеді. Одан өзара бет тырнасып, коментария шайқастары басталады. Сайттардың иелері мен мақаланы жазған журналистер итке сүйек тастағандай сырттан қарап мәз шығар, қаралым күшейді,коментария көбейді деп… Бұл процесстің маған берген зор пайдасын өз пайымдауыммен келесі постқа жазайын. Ал сіз бұл жайында не ойлайсыз? Зиян бар ма?" – деп жазды Тамара Асар.