Ресей мен Беларусьтен келетін көліктерге утильсбор өседі

Бүгін, 12:00 / Қайсар Қалам
Сурет: pexels

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Ресей мен Беларусьтен әкелінетін автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техникасына салынатын кәдеге жарату алымының (утильсбор) артатынын растады, деп хабарлайды Arasha.kz сайты «31 арнаға» сілтеме жасап.

Министрліктің түсіндіруінше, мұндай шешім аталған елдердің Қазақстаннан баратын көліктерге қосымша төлемдер енгізуіне байланысты қабылданып отыр. Бұл шара, сонымен қатар, «параллель импорт» мүмкіндіктерін шектеуге бағытталған.

«Бұл Қазақстаннан Ресей мен Беларусь елдеріне экспортталатын көліктерге утильсбор есептегенде, сол елдерде бекітілген мөлшерлемеге қоса, Қазақстанда төленген кедендік алымдар, ҚҚС (НДС) және акциздер сомасының айырмашылығы қосымша өндірілетініне байланысты», — деп түсіндірді ведомство өкілдері.

Жаңа мөлшерлемелер

Қазақстанда жасалған немесе басқа шет елдерден (РФ мен Беларусьтен бөлек) әкелінген көліктер үшін талаптар өзгеріссіз қалады. Ал Ресей мен Беларусьтен келетін техникалар үшін төлемдер айтарлықтай өседі:

Электромобильдер: Бұрын «нөлге» тең болған мөлшерлеме енді шамамен 2 млн теңгеге дейін жетеді.

Қозғалтқыш көлемі 2-3 литрлік көліктер: Утильсбор шамамен 1 млн теңгеден 32 млн теңгеге дейін артады.

Қозғалтқыш көлемі 3 литрден асатын көліктер мен ауыл шаруашылығы техникасы: Төлем 2,5 млн теңгеден 48 млн теңгеге дейін өседі.

Сарапшы пікірі

Сарапшылардың айтуынша, бұл жағдай бір жағынан түсініксіз, өйткені Кеден одағы ішінде тауар айналымы жеңілдетілуі тиіс. Жеңіл көлік нарығына бұл аса қатты әсер етпеуі мүмкін, себебі қазақстандықтар Ресей мен Беларусьтен жеңіл көлікті жиі әкеле бермейді. Алайда, ауыл шаруашылығы техникасы бойынша мәселе күрделірек.

«Енді біздің аграршылар бұл техникасыз қалуы мүмкін. Әрине, Қазақстанда құрастырылатын кейбір техникаларды алуға болады, бірақ біз, мысалы, БЕЛАЗ әкеле алмаймыз. Ал карьерлік самосвалдар — бұл бірегей өнім. Сондықтан, біз оларды қытайлықтардан сатып алатын боламыз деп ойлаймын», — деді сарапшы Алексей Алексеев.


 

Тэгтер:

көлік техника утильсбор