Алатау қаласындағы түзеу колониясы бастығының орынбасары Серік Арыстанов пара алу ісі бойынша қамауға алынды, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Алматы облысы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы С.А. Арыстановқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы (пара алу) бойынша істі тергеп жатыр. 2026 жылдың 14 қаңтарында Арыстанов ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 131-бабына сәйкес ұсталып, оған қатысты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалды», — деп мәлімдеді Бас прокуратура.
Бұған дейін Арыстановтың ұсталғаны туралы журналист Михаил Козачков хабарлаған болатын.
«Арнайы прокурорлар ІІМ ҚАЖК №14 мекемесі бастығының орынбасары, әділет майоры Серік Арыстановты ұстады. Оған жемқорлық қылмысын жасады деген айып тағылып отыр. Кейбір деректерге қарағанда, бұл іс 2024 жылы сотталғандарды ұрып-соғу және ақша бопсалау деректері анықталған жалпы режимдегі колониядағы ауқымды тергеу амалдарымен байланысты болуы мүмкін», — деп жазды Козачков өзінің Telegram-арнасында.