Бірде-бір адам тірі қалмады: Әуеге көтерілген ұшақ 12 минуттан соң апатқа ұшырады

Бүгін, 11:48 / Arasha.kz
ашық дереккөзден

Колумбияда жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 15 адам қаза тапты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оқиға Колумбия аумағында болған. Noticias Caracol телеарнасының хабарлауынша, ұшақ таулы аймаққа құлаған. Кукута қаласынан Оканья бағытына бет алған Beechcraft 1900 әуе кемесі әуеге көтерілгеннен кейін шамамен 12 минут өткен соң радардан жоғалған.

Кейінірек ұшақтың сынықтарын Солтүстік Сантандер аймағындағы таулы өңір тұрғындары тапқан. Алдын ала мәліметке сәйкес, бортта болған 15 адамның ешқайсысы тірі қалмаған.

Әуе апатының нақты себебі әзірге анықталған жоқ. Жергілікті азаматтық авиация басқармасы апат кезінде бұл өңірде қалың тұман болғанын мәлімдеді. Алайда ұшақ апатқа дейін ешқандай дабыл белгісін жібермеген. Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.

Бортта Диоген Кинтеро, оның команда мүшелері, сондай-ақ депутаттыққа кандидат Карлос Сальседо болғаны хабарланды.

Тэгтер:

Ұшақ ұшақ апаты Колумбия