"Күдікті қолға түссе, бәрі де белгілі болар": Атыраудағы трагедияға күдіктіге қатысты сұмдық дерек шықты

Бүгін, 13:19 / Arasha.kz

Атырау облысында із-түссіз жоғалып кеткен отбасыға қатысты іс қоғам назарында қалып отыр. Оқиғаға байланысты жаңа мәліметтер пайда болды, деп хабарлайды Alash.kz.

Журналист Жанат Молдашова әлеуметтік желідегі парақшасында аталған жағдайға қатысты пікір білдіріп, соңғы жиырма күннен астам уақыт бойы түрлі бейресми ақпараттардың тарап жатқанын жазды. Оның айтуынша, желіде тараған деректердің рас-өтірігін нақтылау әзірге мүмкін емес, ал марқұмдардың туыстары айтылып жүрген мәліметтердің басым бөлігін жалған деп отыр.

Журналистің сөзінше, қазіргі таңда құзырлы органдар Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сүйеніп, ресми ақпарат таратпай отыр. Соған қарамастан, жоғалған Наурыз, Мейрамгүл, Ақбаян және күдікті Сұлтан Сәрсемалиевті іздестіру жұмыстары тоқтатылмаған.

Сондай-ақ Жанат Молдашова Жангелдин ауылындағы қылмыс болған, марқұмдардың мәйіті табылған үйдің толық тексерілген-тексерілмегенін **Атырау облыстық прокуратурасы**нан нақтылағанын жеткізді. Прокуратура өкілдері үйдің екі рет толық тінтілгенін, соңғы тексеру өткен аптада жүргізілгенін растаған.

Журналист қоғам тарапынан “неге үнсіздік сақталып отыр?” деген сұрақтар көп екенін атап өтіп, ресми мәлімдеме болған жағдайда оны міндетті түрде жариялайтынын айтты. Оның сөзінше, кейбір ауыр қылмыстардың тергелуі ұзақ уақытқа созылуы мүмкін, ал күдікті қолға түскен соң ғана істің мән-жайы толық ашылмақ.