"Мәйіт табылған үйге екі рет тінту жасалды": Атыраудағы трагедияға қатысты ел естімеген дерек шықты

Бүгін, 14:44 / Arasha.kz
ашық дереккөзден

Атырау облысында із-түссіз жоғалып кеткен отбасыға қатысты іс әлі де қоғам назарында. Оқиғаға байланысты жаңа мәліметтер жарияланды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Журналист Жанат Молдашова әлеуметтік желідегі парақшасында Жангелдин ауылындағы қайғылы оқиға жөнінде ой бөлісті. Оның айтуынша, соңғы жиырма күннен астам уақыт ішінде желіде түрлі бейресми әрі жан түршігерлік ақпараттар тарап жатыр. Алайда олардың шынайылығын нақтылау әзірге мүмкін емес. Марқұмдардың туыстары да ел ішінде айтылып жүрген деректердің көпшілігін жалған деп отыр.

"Бірақ жоғалғандар Наурыз, Мейрамгүл, Ақбаян мен күдікті Сұлтан Сәрсемалиевты іздеу жалғасып жатыр. Тоқтаған жоқ. "Жангелдин ауылындағы қылмыс болған, марқұмдардың мәйіті табылған үй түгелдей тінту жасалды ма?" – деп Атырау облыстық Прокуратурасынан да сұрадым. Олар да толықтай екі рет, соңғы рет өткен апта тексерілгенін айтты.  "Неге үнсіз қалды?" деп күні-түні жазып жатқандар бар. Бұл қанды қылмысқа қатысты құзырлы органдар тарапынан ресми мәлімдеме болса, міндетті түрде бөлісемін. Кейде мұндай қылмыстар жылдар бойы тергеп-тексерілуі мүмкін. Сондықтан сәл күтейік. Күдікті қолға түссе, бәрі де белгілі болар", – деп жазды журналист.