Темір ауданына қарасты Кеңқияқ ауылының тұрғындары коммуналдық газ тарифінің өсуіне қарсылық білдіруде. Мұнда көгілдір отынның құны бірден екі есеге қымбаттаған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, газ бағасының күрт өсуі халықтың әлеуметтік жағдайына ауыр соққы болып отыр. Кеңқияқтың іргесінде ірі мұнай компаниялары жұмыс істеп жатқанына қарамастан, жергілікті жұрттың көбі жұмыссыз. Осындай қиын жағдайда коммуналдық төлемдердің өсуі халықтың қалтасын жұқартқан.
Наразы топ газбен қамтамасыз ететін «Техногаз» ЖШС-не барып, компания ғимаратының алдында бейнеүндеу жариялады:
«Ауылда мүмкіндігі шектеулі балалар, созылмалы ауруы бар адамдар тұрады. Біз үшін мұндай тариф — көтере алмайтын жүк. „Техногаз“ бұл жағдайды қайта қарап, халықты қолжетімді жылумен қамтамасыз етуі тиіс», — дейді ауыл тұрғындары.
Тұрғындар бес күн ішінде ресми жауап беруді және жауапты тұлғалармен кездесу өткізуді талап етті.
Темір ауданының әкімдігі бұл мәселеге қатысты түсініктеме беріп, өтініштің тіркелгенін мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта тариф 21,77 теңгені құрайды. Бағаның өсуі Энергетика министрлігінің бұйрығына сәйкес, ішкі нарықтағы тауарлық газды өткізудің шекті көтерме бағалары шеңберінде жүзеге асырылды», — деп хабарлады әкімдік өкілдері.