Инвестиция конституциямен емес, салалық заңдармен реттелуі тиіс – экономист

29 қаңтар, 2026 / Камила Дүйсен
Фото: Qazaq radiosy

Конституциялық реформа аясында ұсынылған аймақтарда арнайы құқықтық режим енгізу туралы бастамаға қатысты экономист пікір білдірді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қоғамда автономияға қатысты күдік туғанымен, комиссия бұл бастама экономикалық аймақтар үшін қажет екенін айтқан болатын. Бірақ экономист Сапарбай Жобаев мұндай тетіктерді Конституция емес, заңдар арқылы реттеу керек деп санайды.

Сапарбай Жобаевтың айтуынша, арнаулы экономикалық аймақтар деген ұғым әлемде бұрыннан бар және бұл – ойдан шығарылған модель емес. Көп елдер экономиканы дамыту, инвестиция тарту үшін дәл осы тетікті пайдаланып келеді.

«Мысалы, Кипр, Барбадос, Панама белгілі бір кезеңде осындай аймақтардың арқасында қарқынды дамыды. Бұрын Швейцария да осы модельді қолданған, ал бүгінде Лихтенштейн соның ең табысты мысалдарының бірі саналады», – дейді ол. Экономист мұндай елдерді ірі капиталды өзіне тарта алған «таңдаулы» экономикалық аймақтар ретінде сипаттайды.

Бұл тәжірибе тек мемлекет деңгейінде ғана емес, елдің ішінде де кеңінен қолданылады. Экономист Қытайды мысалға келтіріп, Шанхай, Чунцин, Чэнду сияқты қалаларда арнайы экономикалық аймақтар бар екенін айтады. Оның сөзінше, ол аймақтарда салықтық, әкімшілік және құқықтық жеңілдіктер қарастырылған, ал негізгі мақсат – инвестиция тарту және бизнеске қолайлы орта қалыптастыру.

Экономист әр елдің ішінде осындай аймақтардың болуы заңды құбылыс екенін атап өтті. Қазақстанда да бірнеше арнайы экономикалық аймақ бар, олар белгілі бір салаға немесе өңірлік мақсатқа бағытталған. Бірақ бұл жүйе барлық өңірде бірдей тиімді жұмыс істеп отыр деу қиын екенін де жасырмайды.

Сапарбай Жобаев елордадағы Астана халықаралық қаржы орталығына да тоқталды. Оның айтуынша, бұл – арнайы режиммен жұмыс істейтін ерекше алаң, ал басты артықшылығы – құқықтық жүйесінде. «Орталықта ағылшын құқығына негізделген тетіктер қолданылады. Бұл инвесторлар үшін түсінікті әрі сенімді орта қалыптастырады. Дәл осы құқықтық база шетелдік капиталды тартуда шешуші рөл атқарады», – дейді ол.

Экономист 2003 жылы шетелдік инвестициялар туралы заңнама кеңінен талқыланғанын да еске салды. Ол кезде шетелдік те, отандық та инвесторларға қатысты өзгерістер енгізіліп, шығынды өтеу мен құқықты қорғау тетіктері қарастырылған. Оның пікірінше, шетелдік инвесторларға белгілі бір артықшылықтардың берілуі – тек Қазақстанға ғана тән емес, бұл әлемдік тәжірибеде қалыптасқан үрдіс.

«Шетелдік инвестор өз елінен капиталды шығарып, басқа мемлекетке әкеледі. Ол Еуропа болсын, Қытайболсын немесе Біріккен Араб Әмірліктері болсын – кез келген жағдайда бұл қосымша тәуекел. Валюталық, саяси, құқықтық тәуекелдер жоғары. Сондықтан көптеген елдер оларды тарту үшін қосымша кепілдіктер мен жеңілдіктер ұсынады», – дейді экономист.

Ал «неге мұндай жеңілдіктерді өзіміздің ішкі инвесторларға да бермейміз?» деген сұраққа Сапарбай Жобаевтың жауабы қарапайым. Оның айтуынша, отандық инвестор өз елінде жұмыс істейді, заңнаманы біледі, талаптар мен шектеулерді алдын ала есептеп барып кәсіп ашады. Ал шетелдік инвестор үшін бұл – мүлде басқа орта, басқа ережелер, жоғары тәуекел.

Сондықтан экономист бұл мәселені тым саясиландырудың қажеті жоқ деп санайды. Оның пікірінше, ең бастысы – инвестиция келуі, жұмыс орындарының ашылуы және экономиканың қозғалысқа түсуі. Ал шетелдік инвесторларды қорғау мәселесін Конституция деңгейінде емес, нақты салалық заңдар мен тетіктер арқылы шешуге болады.

«Сондықтан мен мұны аса үлкен проблема деп есептемеймін. Ең бастысы – инвестиция келсін, жұмыс орындары ашылсын, экономика қозғалысқа түссін. Ал шетелдік инвесторларды қорғау үшін мұның бәрін Конституция деңгейіне дейін көтерудің қажеті жоқ. Мұндай мәселелер салалық заңдар мен нақты тетіктер арқылы реттелуі тиіс», – деп қорытындылады экономист.

Тэгтер:

заң инвестиция экономист экономика сұхбат Сапарбай Жобаев реттеу