Атырау облысында із-түссіз жоғалған 59 жастағы азаматтың мәйіті 19 күннен кейін Жайық өзенінен табылды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қайғылы дерекке сәйкес, 9 қаңтарда жоғалып кеткен ер адамның денесі оның жеке заттары анықталған жерден шамамен 100 метр қашықтықта, Жайық өзенінің екі метр тереңдігінен шығарылған. Марқұмның денесі кейін полиция қызметкерлеріне тапсырылды.
Атырау облыстық ТЖД мәліметінше, іздестіру-құтқару жұмыстары барысында өзен жағалауы мен түбі жан-жақты тексерілген. Құтқарушылар сүңгуірлік жұмыстар жүргізіп, су асты дрондарының көмегімен өзенді шолып шыққанымен, алғашқы күндері нәтиже болмаған.
Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, су айдынындағы қолайсыз ахуал, ағыс күшінің жоғары болуы, көрінудің төмендігі және күрделі гидрологиялық жағдай іздеу жұмыстарына едәуір кедергі келтірген. Соған қарамастан, құтқарушылар барлық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, мүмкін болған барлық шараны қабылдаған.