Өмірі ауруханаға барып көрмеген 100 жастағы ата ұзақ өмір сүрудің құпиясын айтты

Бүгін, 09:13 / Arasha.kz
stan.kz

Ғасыр жасаған Аманұлы Рысбек ұзақ өмір сүрудің сырымен бөлісті. Өмірінде ауруханаға жатып көрмеген қария еңбек пен дұрыс ойлау адам ғұмырының басты тірегі екенін айтады, деп хабарлайды Stan.kz.

Рысбек ата 35 жыл бойы шопан болып, адал еңбегімен күн көрген. Табиғат аясында, төрт түлікпен бірге көшіп-қонып жүрген оның өмірінде қозғалыс пен төзім қалыпты дағдыға айналған. Қарияның айтуынша, ұзақ өмір сүрудің басты құпиясы – тынымсыз еңбек пен қарапайым тіршілік.

“Мен ешқашан еңбектен қашқан емеспін. Керісінше, жұмыс істемесем, денем құрысып қалады. Қартайдым деп үйде жатып алған жоқпын. Қазір де үйдің алдында қар күреймін, мал қараймын. Ұлым жоқ кезде тірліктің бәрін өзім істеймін”, – дейді ол.

Рысбек Аманұлы жеті жасында ашаршылықты көріп, ата-анасымен бірге Қытайға барғанын еске алады. Кейін елге оралып, бар болғаны төрт сыныптық білім алған. 25 жасында отбасын құрғанымен, тағдырдың жазуымен жары ерте қайтыс болып, балаларын жалғыз өзі өсірген. Сол үшін қой бағып, маңдай терімен нәпақасын тапқан.

Қыстың қаһары мен жаздың аптабында мал соңында жүрген қария денсаулығым ешқашан сыр берген емес дейді.

“Ұзақ өмір сүрудің құпиясы қымбат дәрі-дәрмек пен ерекше күтімде емес. Адал ас, таза еңбек және жүйкенің тыныштығы”, – дейді ғасыр жасаған ата.

Қария бұл жасқа жетуін алдымен Алланың қалауымен байланыстырады. Өзінің айтуынша, ешкімге жамандық жасамаған, ашуға берілмей, үнемі қозғалыста болған.

Жастарға айтар ақылы да қарапайым:

"Жалқау болмаңдар. Қимылдаңдар, еңбектеніңдер. Дұрыс ойлап, жаман сөз бен жаман іске жоламаңдар. Уайым мен еріншектік адамды ерте қартайтады", – дейді Рысбек ата.

Қазір ғасыр жасаған қария балалары мен немере-шөберелерінің ортасында, мал ұстап, тыныш өмір сүріп отыр. Ол үшін ең үлкен байлық — ұрпағының амандығы мен бейбіт тіршілік.