Halyk Bank-тің басшылығына Ресей азаматы тағайындалды

Бүгін, 11:02 / Arasha.kz
ашық дереккөзден

Halyk Bank басқарма төрағасының орынбасары – басқарма мүшесі қызметіне Ресей азаматы Михаил Хасин тағайындалды. Ол банкте ақпараттық технологиялар бағытын қадағалайды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Хасиннің кандидатурасын 12 қаңтарда келісіп, оның IT мәселелеріне жауапты болатынын хабарлаған. Ал 27 қаңтарда тағайындау туралы ақпарат Қаржылық есептілік депозитарийінде жарияланды. Құжатта Михаил Хасиннің Қазақстан Республикасының резиденті емес екені көрсетілген. Тағайындау жөніндегі шешімді банктің директорлар кеңесі 19 қаңтарда қабылдаған.

Кейін Хасиннің аты-жөні мен фотосы банктің ресми сайтындағы "Басшылық" бөлімінде пайда болды. Алайда банк бұл тағайындауға қатысты жеке баспасөз хабарламасын таратқан жоқ.

Ашық деректерге сүйенсек, Михаил Хасин 1975 жылы Донецк қаласында туған. Ол Мәскеу физика-математика институтын "қолданбалы математика және физика" мамандығы бойынша тәмамдаған, физика-математика ғылымдарының кандидаты, сондай-ақ MBA дәрежесіне ие.

Хасиннің IT саласындағы мансабы 1990-жылдардың ортасында банк бағдарламалық қамтамасыз етуін әзірлейтін Диасофт компаниясынан басталған. 2001-2011 жылдары Deutsche Bank-те жұмыс істеп, бағалы қағаздар операциялары бойынша бағдарламалар әзірлейтін ресейлік орталықты басқарған.

2011 жылдан бастап Сбербанк құрылымдарында жетекші IT қызметтерді атқарды, ал 2020 жылы ВТБ банкіне ауысып, ақпараттық технологиялар департаменті басшысының орынбасары болды. 2022 жылы ол Global CIO қауымдастығының "Топ-100 IT-лидер" рейтингіне енген.

Тэгтер:

Михаил Хасин IT саласы Halyk Bank