Атырауда жоғалған отбасы: іздестіру жұмыстары тоқтаған жоқ

Бүгін, 11:15 / Arasha.kz
politico.kz коллажы

Атырау облысында жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен отбасыға қатысты іздестіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр, деп хабарлайды Arasha.kz.

Аталған ақпаратты журналист Жанат Молдашова әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған. Онда құзырлы органдардың ресми түсіндірмелері келтірілген.

Атырау облысы прокурорының аға көмекшісі Нұрболат Сұлтановтың айтуынша, қылмыстық іс облыстық полиция департаментінің өндірісінде және прокуратураның қатаң бақылауында.

«Қазіргі таңда жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Әлеуметтік желіде түрлі болжамдар мен расталмаған ақпараттар тарап жатыр. Сол себепті тек ресми дереккөздерге сүйену қажет», – деді ол.

Прокуратура өкілі іздестіру жұмыстарының тоқтамағанын нақтылады. Оның сөзінше, Жангелдин ауылы мен Қызылқоға ауданы аумағында жүргізіліп жатқан шаралар ауа райының қолайсыздығына байланысты уақытша шектелгенімен, толықтай тоқтатылмаған.

«Қардың қалың түсуі мен мұздың қатуына байланысты Қызылқоға ауданында Төтенше жағдайлар департаменті іздестіру жұмыстарын уақытша доғарды. Алайда күдіктіні және хабар-ошарсыз кеткен балаларды іздеу тоқтаған жоқ және алдағы уақытта жалғасын табады», – деді Нұрболат Сұлтанов.

Құзырлы органдар тергеу мен іздестіру жұмыстары жалғасатынын және істің толық бақылауда екенін атап өтті.

Тэгтер:

Атырау облысы жоғалған отбасы