Бүкіл мемлекеттік жүйені қайта құрып, билік пен қоғамның ықпалдастығын жетілдіре түседі. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтерлер форумында айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Президенттің айтуынша, Конституцияға ұсынылған түзетулердің ішінде жауапты әрі жасампаз отаншылдық туралы идея бар.
«Патриотизм – құр ұран емес. Бұл қасиетті ұғымға жауапкершілікпен қараған абзал. Мен бұл жайында жақында өткен Ұлттық құрылтай отырысында айтқан болатынмын. Отаншыл азамат дегеніміз – жауапкершілігі жоғары және жасампаз азамат.
Мен еліміздегі әрбір еріктіні – баршаңызды дәл осындай нағыз отаншыл азаматтар деп санаймын. Жауапты әрі жасампаз патриотизм идеясы әрбір волонтердің жанына жақын. Менің бұған еш күмәнім жоқ», - деді президент.
Сондай-ақ ол әрбір азамат өзінің және қоғамның игілігі жолында күнделікті адал еңбек етіп, әлемді жақсарта түсуге ұмтылуға тиіс екенін жеткізді. Отанға деген шынайы сүйіспеншілік – осы.
«Танымал қоғам қайраткері пастор Мартин Лютер Кинг «I have a dream», яғни «Менің де арманым бар» деген еді. Сондықтан «мына әлемді жақсарта түсемін» деп армандаңыздар. Мұраттарыңызға жетесіздер деп ойлаймын», - деді Тоқаев.