Некесіз жыныстық қатынасқа түскен ер мен әйелге 100 дүре соғылып жазаланды

Бүгін, 15:53 / Arasha.kz
depositphotos.com

Индонезияда ер адам мен әйел некесіз жыныстық қатынасқа барғаны үшін әрқайсысына 100 рет дүре соғылды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Daily Mail басылымының хабарлауынша, оқиға Индонезияның Ачех провинциясында болған. Бұл өңір – ел аумағында шариғат заңдары ресми түрде қолданылатын жалғыз аймақ. Сот шешіміне сәйкес, ерлі-зайыпты емес ер мен әйел қоғамдық орында жария түрде дүре соғу жазасына тартылды. Жаза әкімшілік орталықтағы саябақта, шағын көрермендер тобының алдында орындалған.

Сот оларды шариғат талаптарын бұзды деп таныды. Ачех қаласының мэрі Иллиза Саадуддин Джамалдың айтуынша, бұл жаза өңірде алкоголь ішу, құмар ойындар секілді құқықбұзушылықтарға қарсы кең ауқымды кампанияның бір бөлігі.

Кадрларда ер адам мен әйелдің дәстүрлі киімге оранып, шариғат полициясы өкілдерінен дүре соққысын алып жатқанын көруге болады. Әйелге жазаны әйел орындаса, ер адамға ер адамдар дүре соққан. Жаза аяқталғаннан кейін оларға медициналық көмек көрсетілген.

Адам құқықтарын қорғау ұйымдары бұл әрекетті қатігездік деп бағалап, халықаралық адам құқықтары стандарттарына сай келмейтінін сынға алды. Алайда жергілікті тұрғындардың бір бөлігі дүре соғу тәжірибесін қоғамдық тәртіп пен діни құндылықтарды сақтаудың тиімді жолы ретінде қолдайды.

Тэгтер:

Индонезия қамшы