Ресейдің Уфа қаласында мектеп мұғалімі оқушыны сыныпта белдікпен сабап, оқиға бейнежазбаға түсіп қалды. Бұл туралы SHOT Telegram-арнасы хабарлады, деп жазады Arasha.kz.
Оқиға №161 лицейде еңбек сабағы кезінде болған. Мәліметке сәйкес, 7-сынып оқушысы сабаққа кедергі келтіріп, балағат сөздер айтқан және Чебурашканың әдепсіз карикатурасын салған. Оқушының бұл әрекетіне ашуланған мұғалім оны орнынан тұрғызып, тақтаға алып келген, қолын байлап, бүкіл сыныптың көзінше белдікпен ұрған.
Оқиға сәтін сыныптастары видеоға түсіріп алған. Бейнежазба әлеуметтік желілерде таралып, қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Аталған дерек бойынша Башқұртстан прокуратурасы тексеру жұмыстарын бастады. Құқық қорғау органдары оқу орнының лауазымды тұлғалары мен мұғалімнің әрекетіне құқықтық баға бермек. Тексеру нәтижесіне қарай прокурорлық шаралар қабылданады.