Каратэден әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай 2025 жылы өткен Әлемдік ойындарда финалға дейін жетіп, күміс медаль иеленді. Жарыстан кейін спортшы турнирге жүкті күйінде қатысқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оның айтуынша, каратэде ірі халықаралық жарыстар жиі өтпейтіндіктен, екі жылда бір рет ұйымдастырылатын Әлемдік ойындар ерекше маңызға ие.
"Каратэде ауқымды турнирлер сирек болады. Сондықтан Әлемдік ойындарды асыға күттім", – деді спортшы.
Турнир қарсаңында салмақ қуу барысында қиындықтар туындаған. Белгіленген салмақ дәрежесіне түсе алмаған соң, ол қатты алаңдағанын айтады.
"Қанша тырыссам да салмақ түспеді. Кейін жарысқа аз уақыт қалғанда аяғым ауыр екенін білдім. Жолдасыммен ақылдасып, соған қарамастан жарысқа қатысуға шешім қабылдадық", – деді Мөлдір Жаңбырбай.
Жарыс барысында спортшы қауіпсіз тактиканы таңдаған. Ол қорғанысқа басымдық беріп, айқастарды барынша сақ өткізген. Финалдық жекпе-жек тең нәтижемен аяқталғанымен, төрешілер белсенділік көрсеткен ирандық спортшыға жеңісті берген.