Иранның жоғарғы жетекшісі АҚШ-тың кез келген шабуылы аймақта соғысқа әкелетінін ескертті

Бүгін, 08:44 / Қайсар Қалам
Сурет: видеодан скрин

Иранның жоғарғы жетекшісі аятолла Әли Хаменеи АҚШ-тың кез келген шабуылы аймақтық қақтығысқа ұласатынын ескертті. АҚШ аймаққа ұшақтасымалдағыш жіберсе, Иран Ормуз бұғазында теңіз оқу-жаттығуларын өткізіп жатыр, деп хабарлайды Arasha.kz.

«Америкалықтар мынаны білуі керек: егер олар соғыс бастаса, бұл жолы аймақтық соғыс болады», — деп Хаменеидің сөзін үкіметті қолдайтын Tasnim агенттігі келтіреді.

АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін Иранның ядролық бағдарламасы мен наразылықтарды қатаң басуына байланысты бірнеше рет араласуы мүмкін екенін айтып, ескерту жасаған. Сенбі кешке Флоридаға бара жатқан жолда журналистердің Иранға қатысты қандай шешім қабылдағаны туралы сұрағына ол нақты жауап бере алмайтынын айтты. Сонымен қатар, Иранның Вашингтонмен «маңызды» келіссөздер жүргізіп жатқанын айтып, тараптар «қабылдауға болатын» келісімге келеді деп үміт білдірді. Сондай-ақ Трамп АҚШ-тың аймақта «өте ірі әрі қуатты кемелері» бар екенін атап өтті.

Күштерді арттыру аясында АҚШ аймаққа USS Abraham Lincoln авианосецін жіберді. Өткен апта соңында АҚШ Орталық қолбасшылығы оның Араб теңізінде әрекет етіп жатқанын хабарлады.

«Трамп үнемі кемелерді әкелгенін айтады… Иран халқын мұндай әрекеттермен қорқыту мүмкін емес», — деді Хаменеи жексенбідегі сөзінде.

Осы жексенбіде Иран Ормуз бұғазында екі күндік әскери-теңіз оқу-жаттығуын, соның ішінде жауынгерлік атыстарды бастауды жоспарлап отыр. Бұл бұғаз әлемдегі ең маңызды теңіз жолдарының бірі және энергия тасымалдауда негізгі бағыт саналады.

Әлемдік мұнай саудасының шамамен бестен бір бөлігі осы су жолы арқылы өтеді. Иран мен Оман арасындағы ең тар жерінде бұғаздың ені шамамен 33 шақырымды құрайды. Бұған дейін Иран өзіне шабуыл жасалған жағдайда бұғазды жабуы мүмкін екенін айтқан.

АҚШ Иранға аймақтағы америкалық күштерге жақын жерде «қауіпті және кәсіби емес әрекеттерге» жол бермеу керектігін ескертті. Ал Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи бұған жауап ретінде: «АҚШ әскери күштері қазір біздің қуатты қарулы күштеріміздің өз аумағында оқу атыстарын қалай өткізу керектігін айтуға тырысып жатыр», — деді.

Тэгтер:

Иран Трамп соғыс