Оңтүстік Кореяда зауыттағы өрттен кейін қазақстандық жоғалып кетті

Бүгін, 09:02 / Қайсар Қалам
Сурет: видеодан скрин

Оңтүстік Кореяның Мэндон-мён қаласындағы зауытта болған ірі өрттен кейін Қазақстан азаматы жоғалып кетті, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұл жағдайды ҚР Сыртқы істер министрлігі ерекше бақылауға алды, деп хабарлады Almaty.tv телеарнасы. Өрт 30 қаңтарда болған.

«Ғимараттан эвакуация кезінде 81 қызметкер шығарылды. Алайда тексеру барысында екі жұмысшы, оның ішінде Қазақстан азаматы, байланысқа шықпағаны анықталды», – делінген хабарламада.

31 қаңтар күні таңертең өртенген цехты тексеру кезінде өрт сөндірушілер мен полиция ғимарат ішінен жеке басы анықталмаған мәйіт тапты. Қазіргі уақытта қалдықтар Корея Республикасының Ұлттық ғылыми-зерттеу институтына жіберілді. Онда ДНҚ талдауы және қаза болған адамның жеке басын анықтау үшін басқа да сараптамалар жүргізіліп жатыр.

«Кәсіпорындағы өрттің шығу себептері бойынша тергеу жалғасуда. Табылған адамның жеке басы ресми түрде расталады деп күтіледі», – деп хабарлайды Almaty.tv.

Алдын ала мәлімет бойынша, Сеул басылымдарының дерегінше, Қазақстан азаматы шамамен 50 жаста. Екінші жоғалған адам – 20 жастағы Непал азаматы.

Құтқару операциясына қатысушылардың бірінің айтуынша, экскаватор жұмыс істеп жатқан кезде қаза болған адамның денесі жоғарғы қабаттан құлап түскен. Қатты қызудың салдарынан ғимарат ішінара опырылып, бұл іздестіру-құтқару жұмыстарын айтарлықтай қиындатқан. Журналистердің іздеу жұмыстары кешігуі мүмкін бе деген сұрағына қызмет өкілі іздеу жалғасып жатқанын, алайда конструкциялардың опырылуы мен ғимараттың тұрақсыз күйі құтқарушыларға үлкен қиындық тудырып отырғанын айтты. Соған қарамастан, өрт сөндіру қызметі жоғалған адамды тезірек табу үшін бар күшін салатынын мәлімдеді.

Құтқарушылардың айтуынша, өрт Hybero зауытында шыққан. Бұл кәсіпорында гигиеналық төсемдер мен жөргектер өндіріледі.
 

Тэгтер:

Оңтүстік Корея өрт Қазақ жоғалды