ҚМА онлайн-казино ісі бойынша америкалық пен украиналықты іздестіріп жатыр

Бүгін, 11:32 / Қайсар Қалам
Сурет: видеодан скрин

Қазақстанның Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдікпен екі адамға іздеу жариялады, деп хабарлайды Arasha.kz. 

Іздеуде – 1970 жылы туған АҚШ азаматы Дмитрий Дружинский және 1985 жылы туған Украина азаматы Марина Левкович (Гинзбург). Сот оларды сырттай қамауға алуға санкция берді.

«Олар PIN-UP және PINCO брендтерімен жұмыс істеген онлайн-казино қызметін үйлестіріп, схеманы шетелден басқарған. Күдіктілер сыбайластарды іріктеп, банктермен және төлем жүйелерімен өзара іс-қимылды жолға қойған, сондай-ақ қаражатты қабылдау мен шығаруға жауап берген. Заңсыз қызметті жасыру үшін Қазақстанда букмекерлік лицензия алған және PIN-UP.KZ брендімен жұмыс істеген «Бонами» ЖШС тіркелген», – деп хабарлады ҚМА.

Ақша Gold Pay және Cyber Pay (кейін — Pinnacle Financial Solutions) төлем компаниялары арқылы өткен. Клиенттердің қаражаты алдымен арнайы шоттарға жиналып, кейін криптовалютаға аударылған.