Дубайда алтын плиталармен көмкерілген ерекше көше пайда болады. Бұл жоба әмірліктің зергерлік өнеркәсібіне арналған жаңа «алтын орамының» бір бөлігі болмақ. Жобаның басты мақсаты — туристер мен ірі бизнесті тарту. Жоспар бойынша, сәнді дүкендер тізілген сауда көшесінде адамдар «таза алтынның үстімен» жүретін болады, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Алтын — Дубайдың мәдени және экономикалық болмысымен тығыз байланысты. Ол біздің мұрамыздың, гүлденуіміздің және өшпес кәсіпкерлік рухымыздың символы. Осы бірегей жоба арқылы біз ата-баба мұрасына құрмет көрсетіп қана қоймай, оны жаңа дәуірге сай қайта түлетпекпіз», — деді Дубайдың туризм жөніндегі менеджері Ахмед әл-Хаджа.
«Алтын орамында» алтын бұйымдар, зергерлік заттар мен косметика сататын 1000-ға жуық дүкен ашу жоспарланған. Сонымен қатар, мұнда алты жаңа қонақүй бой көтереді.
Жаңа квартал қаланың ең көне базарларының біріне жақын маңда орналасады. Әзірге жобаның нақты қашан аяқталатыны белгісіз.