Оқушылардың асы маскүнемдердің қолында: Бурабайдағы мектеп директоры қызметінен қуылды

Бүгін, 16:00 / Қайсар Қалам
Сурет: pexels

Бурабай ауданының прокурорлары С. Сейфуллин атындағы орта мектептің асханасынан жаға ұстатарлық заңсыздықтарды анықтады. Мектеп әкімшілігінің салғырттығы салдарынан оқушылардың денсаулығы мен өміріне тікелей қауіп төнген, деп хабарлайды Arasha.kz.

Прокуратура жүргізген тексеріс барысында белгілі болғандай, мектептегі тамақтандыру байқауын ұтып алған жеткізуші алғашқы күннен бастап заңды белшесінен басқан. Конкурсқа қатысу кезінде ол өзінің біліктілігі туралы жалған мәлімет беріп, құжат жүзінде жоқ қызметкерлерді — кәсіби аспаздар мен даяшыларды «жұмыс істейді» деп көрсеткен.

Алайда, тендерді жеңіп алғаннан кейін кәсіпкер өз міндеттемесін орындаудың орнына, мектеп асханасын үшінші бір тұлғаға заңсыз сеніп тапсырған. Ол тұлғаның балалар тағамын дайындауға ешқандай рұқсаты да, құзыреті де болмаған.

Тексерістің ең сұмдық дерегі асхана қызметкерлерінің жеке басын анықтау кезінде ашылды. Мектеп асханасына жұмысқа тартылған адамдар спирттік ішімдікке салынғандар болып шыққан. Дәл осы маскүнемдігі үшін бұрын ата-аналық құқықтарынан айырылғаны белгілі болды.

Мектеп әкімшілігі мұндай адамдардың оқу орнына кіруіне ғана емес, балалардың асына жауапты болуына жол беріп, ешқандай тексеру жүргізбеген.

Прокуратураның қатаң ұсынысынан кейін бұл іске қатысы бар тұлғалар жауапқа тартыла бастады. С. Сейфуллин атындағы мектептің директоры атқарып отырған лауазымынан біржола босатылды.

Жалған мәлімет берген жеткізушімен арадағы келісімшарт тоқтатылды. Қазіргі уақытта оны «мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы» деп тану туралы сотқа талап арыз берілді.

Конкурс комиссиясының мүшелері мен аудандық білім бөлімінің жауапты қызметкеріне қатысты тәртіптік шаралар қолданылды.

Бұл жағдай Бурабай ауданындағы өзге де білім беру мекемелеріндегі тамақтандыру сапасын жаппай тексеруге түрткі болмақ. Прокуратура органдары кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау мәселесі басты назарда екенін ескертеді.
 

Тэгтер:

бурабай оқушылар асхана