Осы сұраққа жауап табу үшін тілшіміз «Қалқаман» станциясының құрылыс алаңына барып, жұмыстардың қарқынын өз көзімен көрді. Мұнда ішкі әрлеу жұмыстары аяқталып, жабдықтарды орнатуға дайындық жүргізілуде, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Қалқаман» станциясы қолданыстағы «Б. Момышұлы» станциясымен екі тоннель арқылы жалғасқан. Оның бірі толықтай дайын, екіншісі аяқталу сатысында. Станция 17 метр тереңдікте орналасқан, ғимарат монолитті темірбетоннан салынған және сейсмикалық қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келеді. Жер үстінде аумақты абаттандыру және автотұрақ салу жоспарланған.
Станция ішінде жұмыс қызу жүріп жатыр. Вестибюльдер мен платформада әрлеушілер баспалдақ марштарына гранит плиталарын, қабырғаларға травертин төсеуде, колонналар мен төбе жабындарының қаптамасы аяқталған. Сонымен қатар жарықтандыру, бейнебақылау, желдету және өрт сөндіру жүйелері орнатылуда.
Станцияда төрт кіреберіс қарастырылған. Мұнда автоматты есіктер, эскалаторлар және мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған лифтілер орнатылады.
Станцияның «жүрегі» — диспетчерлік пункт. Дәл осы жерден станция мен тоннельдердің барлық тіршілікті қамтамасыз ету және қауіпсіздік жүйелеріне бақылау мен басқару жүзеге асырылады. Әлемдік өндірушілердің жабдықтары, оның ішінде пойыз қозғалысын автоматты басқару жүйесі, жеткізілді. Жақын арада оларды орнату және іске қосу жұмыстары басталады.
Өңірдің жоғары сейсмикалық белсенділігін ескере отырып, станция мен тоннельдер автоматтандырылған мониторинг жүйесімен жабдықталады. Нақты уақыт режимінде 120 датчик темірбетон құрылымдарының жағдайын бақылап отырады. Сонымен қатар жолақыны төлеуді бақылау және терроризмге қарсы қауіпсіздікке арналған жаңа автоматтандырылған жүйелер енгізіледі.
Ауқымды бұл нысанды бастапқы жоба бойынша 24 айда салу жоспарланған болатын. Алайда бас мердігер — «BCN Group» — негізгі жұмыстарды небәрі 11 айда аяқтады. Осындай жоғары қарқынды ескере отырып, біз «Қалқаманнан» «Барлыққа» дейінгі жаңа желінің құрылысы қанша уақыт алатынын сұрадық.
Жоба аясында үш жаңа станция салу көзделген. Тоннельдердің жалпы ұзындығы — 4,2 шақырым, ал станциялармен бірге есептегендегі желі ұзындығы — 5,274 шақырым. Бұл учаскені қанша уақытта салуға болады?
Сұраққа жауап берген «BAZIS» компаниялар тобының негізін қалаушы Александр Белович жаңа желіні салуға қажетті техника мен мамандарды жұмылдыру жұмыстары толық аяқталғанын айтты. Оның сөзінше, компания 15 күн ішінде жұмысқа кірісуге дайын.
«Егер конкурс нәтижесінде BCN Group компаниясы тендерді жеңіп алып, қаржыландыру уақытылы қамтамасыз етіліп, құрылыс алаңдары кешіктірілмей берілсе, үш станцияны салу 12–14 айда аяқталады, ал тоннель қазу жұмыстары 25 айдан аспайды. Осылайша «Қалқаманнан» «Барлыққа» дейінгі метро учаскесін барлық жұмыстарымен қоса іске асыру мерзімі 2,5 жылдан аспайды», — деді Александр Белович. Оның айтуынша, Алматыда метро бұған дейін мұндай қарқынмен салынбаған.
Сонымен қатар спикер компания мәлімделген мерзімдерді растау үшін қажетті кепілдіктер беруге дайын екенін атап өтті.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығының соңында құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталғаннан кейін «Қалқаман» станциясы іске қосу-баптау жұмыстары үшін тапсырыс берушіге тапсырылады. Алматылықтар жаңа станцияның ашылуын асыға күтуде. Алайда одан да маңыздысы — қаланың батыс бағытындағы қолданыстағы желіні одан әрі дамыту.
Қазірдің өзінде қажетті техникасы бар, штатында білікті мамандары және осындай жобаларды іске асыру тәжірибесі мол мердігерге басымдық беру қажет. Алматылықтар үшін метроның жаңа станцияларының қысқа мерзімде әрі кепілдендірілген түрде салынуы аса маңызды.